Дәстүр – тарихи қалыптасқан қоғам үшін ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы.
Яғни, бұл әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, рәсімдер және т.б.
Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны, ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – ислам. Әсіресе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-нің сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті төрінен орын алды.
Қазақстанға ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Десек те, сол уақыттағы ата-бабаларымыздың салт дәстүрлерінің кейбіреулері әлі күнге дейін сақталаған. Мысалы: қазақ қоғамының тұрмыс – тіршілігінде құдалықтың ежелгі дәстүрлері «бесік құда», «қалың төлеу», «әмеңгерлік» сияқты әдет ғұрыптар сақталып келді. Отбасы мен туыстық қатынастар саласындағы исламдық және оған дейінгі дәстүрлер дінге нанушылардың күнделікті тұрмысының бір бөлігін құрайтын еді.
Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады.
Алла Тағала Құранда: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. (Ағраф сүресі, 199-аят).
Алланың Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды. Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мәзһабтардың имамдары қолдайды.
Сондай-ақ, біздің дәстүрімізде көрші ақысына баса назар аударылғаны да белгілі. Ал, оның шығу тарихын зерттегенімізде Алла Тағала Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге ………… жақсылық жасаңдар», – делінген. Ал, халқымыз арасында көп тараған хадистердің бірінде: Алланың Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз) – делінгені мәлім.
Егер қазақтарда біреу қайтыс болса, оған адамдар «иманы саламат болсын», «арты қайырлы болсын» деп көңіл айтып жатады. Бұл сөздің астары «жаны жәннатта болып, артынан қалған ұрпағына Алланың берекесі болу» деген мағынада. Дәстүрлі дінімізге назар салатын болсақ, бірде Алланың Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахаба Муғаз бин Жәбәлдің ұлы қайтыс болғанда сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) баға жетпес сөздермен былай деп жұбату айтып, хат жолдайды: «Бисмилләһир Раһмәнир Раһим. Алланың Елшісі Мұхаммедтен Муғаз бин Жәбәлға. Сәләмун Аләйк. Аллаға мадақ. Одан басқа Тәңір жоқ.
Саған сауабын жаудырсын. Сабыр беріп, бізді, әсіресе сені ризығына бөлесін! Шындығында, жанымыз да, малымыз да, бала-шағамыз да Алланың бізге берген уақытша сыйы. Уақыты келгенде қайтарып алатын аманаты. Аманатты пайдалануың мүмкін, алайда, белгіленген уақыты келгенде қайтарып алары анық. Ендеше, басыңа түскенге көнер болсаң. Алланың есендігі мен мейрімі және тура жолы берілмек. Сондықтан, сабыр ет. Сауабыңды іштегі күйінішің су сепкендей өшіріп, өкініште қалып жүрме. Ұмытпа! Қанша күйінсең де, өлген қайтып тірілмейді, басқа түскен қайғыны да сейілте алмас. Жазмыштан озмыш жоқ!» (Табари) деп көңіл айтқан екен. Сонымен қатар, қазақтардың кейбір ғұрыптары мен Пайғамбар сахабаларының істеген амалдары арасында ұштастықтар көп.
Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды. Демек, дәстүрсіз қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, дамуы, өзгеруі мүмкін емес. Қоғамдық қатынастар тарихи дамудың әрбір жаңа сатысында сақталып қана қоймай, өзгеріп, жаңара береді. Сөйтіп, дәстүрлер арқылы қайта жаңғыру жүзеге асады, ескі қатынас түрлерінен қазіргі және болашақтағы қатынас түрлері келіп шығады. Алланың Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасына және сахабаларына деген сүйіспеншілігімізге қарай олардың есімдерін ұрпағымызға береміз.
Той-томалақты сәттер мен мерекелерде туған-туыс, дос жарандардың бір-бірімен қоян-қолтық араласу негіздері дініміздің үгіт-насихаттарынан сусындағанының көрінісі болып табылады. Мысалы: исламда «силаий рахим» яғни туған-туыстарынан алыста болғандардың, белгілі уақыттарда кіндік қаны тамған жеріне туған-туыстарына барып араласуды Алланың Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиет еткен. Алланың Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Туған-туыстарың мен достарыңа қонаққа барыңдар, Алла өмірлеріңді ұзартып, ризықтарыңды арттырады» деген.
Сонымен қатар, ата-бабаларымыздың заманында, бүгінде қазақ халқының дәстүрлі діні ретінде ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында ханафи бағытындағы ислам деп көрсетілген. Бұл діннің қазақ мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі мойындалатындығы осы заңда атап өтілген. Қазақ жерінде дәстүрлі діннің бағыттары қашанда салт-дәстүрмен ұштасып, сабақтасып келген. Дана халқымыз әрқашанда дәстүрлі дініміздің қағидаларын күнделікті өмірлерінде пайдалан білгена.
Дана халқымыз: «Дінді – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп нақты айтып кеткен. Осы орайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Дін – халық даналығының, мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің шырақшысы» деп, ізгіліктің өміршеңдігін алға тартты. Ұстазымыз Ержан қажы Малғажыұлының осы салада жазған «Дін мен дәстүр» кітабы ұлт болашағына арналған кітап деп білемін. Егер, бұл кітап әрбір қазақ отбасының төрінде тұрса, мұны оқыған әрбір адам дін мен дәстүрдің біте қайнасқан бөлінбес дүние екенін білер еді.
Біләл САҒЫНДЫҚОВ,
Мақат аудандық орталық мешітінің бас имамы.