Дінаралық татулықтың маңызы неде?

Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға ғана тән. Және Оның игілігі мен сәлемі «бүкіл әлемге рахмет етіп жіберген» Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарымызға, оның сахабаларына, үй-ішіне, үмметтеріне әрі ұрпақтарына болсын!

Ұлық Алла Құранда:

«Бұрын кітап түсірілген адамдармен өте сыпайы сөйлесіңдер.
Ал, олардың арасындағы керібаққандардың жайы басқаша.
Біз өзімізге берілген кітапқа да, сендерге берілген кітаптарға да иландық.


Сендердің тәңірлерің де біздің Тәңіріміз де біреу-ақ.
Біз бір Аллаһқа ғана бойсұнғандармыз деңдер» («Ғанкәбут» сүресі, 46-аят)

Сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден (Адам мен Хауадан) бір ата, бір анадан жаратып, (өрбіттік)… Өзара қарым – қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Ал ерекше діндар болғандарыңды Тәңірі құрметті санайды. Анығында, Аллаһ барлық нәрсені біліп, бәрінен хабар алып отырады» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят)

Десе, пайғамбарымыз с.ғ.с өзінің күйеу баласы Әлиге айтқан өсиетінде:

«Ей, Әли! Көршің басқа дінде болса да көмектес. Үйіңе келген қонақ өзге дінде де болса жәрдем ет. Келген тіленші басқа дін ұстанса да адамгершілік пен мейірімділігіңді көрсет» деп шынайы мұсылманның өзге дін ұстанғандарға қалай құрмет көрсетуі керектігін үйретеді.

Ал ұлтымыздың біртуар азаматы Абай Құнанбайұлы:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және хақ жол осы деп әділетті».

Деп құран мен пайғамбарымыздың сөзін қуаттаса, оның немере інісі Шәкәрім атамыз:

«Әлемдегі діндердің түп мақсаты.

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар.

Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,

Еш діннің мақсаты жоқ мұнан асар»  деп қорытады.

Бұл айтылғандардан белгілі болғанындай Құдай да, пайғамбарымыз да басқа діндегілерді сүюді, құрметтеуді бұйырады. Олай болса әлемде болып жатқан қантөгістердің діннен бастау алып жатқанына, ислам дінін терроризммен байланыстыратынына таң қалмасқа шараң жоқ. Бұл жөнінде Шәкәрім атамыз:

 Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп дұшпандық қару жасар.

Інжіл, Кұран,-бәрі айтып түрса-дағы,

Адасып мағынасынан  қара басар.

Сөйтіп бұзып бүлдіріп есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар-

Ешбір дін өйтіп дұшпан бол демейді,

Қанеки, бұл сөзіме кім таласар.

  Дейді. Біздің бұдан түсінгеніміз жер бетінде болып жатқан қантөгіс діннің мағынасына түсінбегендіктен болып отыр екен. Ол түсінбегендіктің арты неге апарып соқтыратынын біз әлемде болып жатқан жағдайлардан көріп, біліп отырмыз. Тіпті әлем емес, бұндай қауіпті жағдайлар Қазақстанда да кездесіп отырғаны жасырын емес. Ислам діні ең бірінші татулыққа, бейбітшілікке шақырады.

Ал, бүгінде дін атын жамылған ұйымдар тек саяси көзқарасты ұстана экстремистік әрекетте болса, мұны толық ажырата алмағаннан кейін әсіресе, ислам дініне күйе жағуға дайын тұрғандар ислам – бейбіт дін екенін әсте мойындағысы келмейді. Мұндай жағдайлар дін өкілдеріне күйе болып жағылуда. Атам қазақ «Ауруын жасырған арам өледі дейді». Ел тұтастығы мен рухани келісімнің маңыздылығы адамзаттың үйлесімді де берекелі өмір сүруінде алатын орны ерекше екені белгілі.

Қашан да татулығы жарасқан, ауыз бірлігі мен достастығы үйлесім тапқан ел бір арнаға түйісіп,тілек – армандары орындалып, бақытты қоғам болып бейғам өмір кешетіндігі ежелден белгілі. Сол себепті бабаларымыздың: «Бірлігі барды – жау алмайды» немесе «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұлағатты сөздері ауыз бірлік пен татулықтың ел тыныштығын негіздегенін сол замандарда–ақ кемеңгерлігімен дөп басып айтқан ғой.

Ұлан байтақ Қазақстан елі көп ұлтты, көп конфессиялы, әлденеше мәдениеттер тоғысқан мемлекет екені баршаға мәлім. Олай болса біз Құдайдың бізге берген бағы-тәуелсіздігімізге, еліміздің тыныштығына селкеу түсірмеу үшін, елімізде қантөгіс болдырмау үшін не істей аламыз деген заңды сұрақтар туындайды.Бұл мақсатта күрес тек үкіметтің, немесе дін адамдарының ғана міндеті емес, бүкіл саналы қоғамның бұлжымас парызы екенін атап өткім келеді.

 Алғашқы шаралар жасалып та жатқанына куә болып отырмыз. Олардың қатарында елбасымыз Нұрсұлтан қаласында жыл сайын өткізіп отырған дәстүрлі дін өкілдері съездін атап кетсек те болады. Бұл съездерде зұлымдық, қастандық, қылмыс атаулыдан, негізсіз жала жабудан исламды қорғау мәселелері талқыланады. Съезде бүкіл адамзатты толғандырған мәселелер бойынша қызу талқылаулар, пікір алмасулар болды. Әлемдегі діни қақтығыстарды тоқтатуға себепші болатын ойлар, ұсыныстардың маңызы мен әсері өте зор.

 Съездегі ұсыныс-пікірлер, ортақ шешімдер алауыздыққа емес барлық әлем халықтарын бірлікке, ынтымаққа, тыныштыққа шақырады. Діні қуатты елдің іргесі берік. Елбасымыздың «Бір-бірімен жауласатын діндер емес, адамдар мен мемлекеттер» деген сөзі тыныштық пен бейбітшілікті сақтаудың қандай маңызды екенін көрсетті. Әлемге төнген қауіп-қатерлерді азайту мәселелері кең талқыланды. Одан басқа да дәстүрлі дін өкілдерінің өңірлерді, оқу орындарын аралап оқушыларға дін туралы сауат ашу курстарын өткізуі, ЖОО-да Дінтанудың пән ретінде енгізілуі, жастардың мешіттерге көптеп тартылып,имамдардың көмегімен діни сауатын толықтыруға өз ықпалын тигізуде.

Көптеген жетек арасында адасып кеткен жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қателіктерін түсініп, ортамызға оралып жатқан жағдайлар кездесуде. Бірақ қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсуге әлі ерте екенін бәріміз де біліп отырмыз. Жоғары жетістіктерге жету үшін жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді аталарымыз. Біздің жүргізетін жұмыстарымыз негізінен алдын алу түрінде болуы тиіс. Қазіргі адасқан ағымдарға еріп кетіп жатқан негізінен жастар екенін ескерсек жастармен өткізілетін түсіндіру жұмыстары алдыңғы орынға қойылуы тиіс.

Ол жастардың бойына дінге деген құрметпен қатар, басқа ұлттарға, дін өкілдеріне деген құрмет қатар егілуі қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Нағыз мұсылман өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп айтқан. Демек, нағыз мұсылман – қоғамдағы өзге адамдарға зиян тигізбей мемлекеттің тыныштығын басты назарда ұстайтын адам.

Жаһандану  заманында халықтардың тату-тәтті ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешудің  басты жолы өзара құрмет пен сыйластық. Ал, өзара сүйіспеншілікте болудың жолы жақын танысуда жатыр. Сондықтан мұны жүзеге асыру наным-сенімі әртүрлі адам баласын  өз ерекшелігімен, өз дүниетанымымен қабылдай отырып пікірлесуде. Алла Тағала біздерге: «Кітап иелерімен (өзге дін өкілдерімен) ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» деп бұйырды.

        Аллаға шүкір Қазақ халқының кең пейіл түсінігінің арқасында діндері сан алуан, ұлттары мен тілдері, әдет-ғұрыптары әртүрлі халық өкілдері бүгінде Қазақстан жерінде өзара түсіністік пен сыйластық аясында тату-тәтті бейбіт ғұмыр кешуде. Тарихи дәстүрлі діндердің ғибадатханаларының терезелері мешіттермен тең тұр. Қазақстан халықтары Ассамблеясының аясында қазақ жеріндегі аз ұлттардың тілдері мен әдет-ғұрыптарына қолдау көрсетіліп, діни сенімдеріне бостандық берілуде.

        Иә, мұның бәрі ислам дінінің тағылымды тәрбиесі мен Елбасының ұстанып отырған көрегенді саясатының жемісі екені айтпаса да түсінікті.

       Сөз соңында айтарым Алла Тағала қазаққа берген бағын баянды қылғай, еліміздің мерейін үстем етіп бүкіл әлемге үлгі болатын жағдайға жеткізгей.

Елдос МҮСЛІМҰЛЫ,

«Доссор мұсылмандар»  мешітінің имамы.