Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Ұлы дала сазы» атты этнофестиваль басталады. Шара 5 күн бойы өтеді.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Камзин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәлім болғандай, 14-15 қыркүйек күндері елордада өтетін Діндер көшбасшыларының съезі қарсаңында этноауыл бой көтереді.
«12-16 қыркүйек күндері елордада «Ұлы дала сазы» атты этно-фестиваль өтеді. Ауқымды мәдени шара заманауи этникалық жанрда болмақ. Фестивальді өткізудегі мақсат– туристерді, съезге қатысушыларды (Діндер көшбасшыларының съезі – автор) ұлы даланың мұрагері – қазақ халқының бай мәдениетімен таныстыру. Шарада дәстүрлі орындаушылық өнердің өкілдері, этно-фольклорлық ұжымдар мен басқа да танымал өнер иелері өнер көрсетеді»,- деді Нұран Камзин елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, этнофестиваль «Бәйтерек» монументінің жанында орналасқан этноауылда өтеді.
«Ол жерде сегіз қанатты киіз үйлер, алтыбақандар орнатылады. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің жұмыстарын көрсететін «Шеберлер ауылы», шағын сәулет нысандары және тағы басқа алаңдар ұйымдастырылады», – дейді ол.
Бес күн бойы өтетін фестиваль сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жалғасады.
Шараға келушілер киіз үйлерге кіріп, көшпенді халықтың мәдениетімен және тұрмысымен таныса алады. Фестивальдің концерттік бөлімі күн сайын 18:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады.
Фото; ашық дереккөздерден