Діни білімді қалай және кімнен алған дұрыс?

Облыс көлемінде тұрғындар мен жастар арасында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы кездесулер барысында көптеп қойылатын сұрақтардың бірі десемде болады.

Өйткені қазіргі ақпарат заманында ғаламтор беттерінде діни материалдар көптеп шығуда. Жөн-жосықсыз білгіштер діннен сөз қозғауда. Өздерін шейх-ғалым ретінде таныстырып көптеген жастардың санасын улап жатқаны тағы бар. Сондықтан, аталған сұрақтың қойылуы мен сол төңіректе сөз қозғалу заңды деп білемін.

Шариғат тілінде білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ал, білімсіздік мұның қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бірнәрсені түсінуге тырысады. Ал, надан басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты.

Баршамызға белгілі кешегі үш жүз жылға дейін созылған бодандық дәуірі, жетпіс бес жылдық атеизм кезеңі халқымызды ата-баба дінінен алыстатып, рухани тозуға дейін жеткізді. Дегенмен, егемендік алып, тәуелсіз ел атанғанымыздың арқасында дінімізге еркіндік беріліп, діни білім алуға да жол ашылды.

Исламды білім-ғылым діні емес деп тек дін дұшпандары ғана айтады. Шынында, ислам дін дұшпандары ойлағанындай, ешқашан ғылым-білімге қарсы болмаған. Қайта надандыққа қарсы тұрып, білімді болуға адамзат баласын шақырып келеді. Бүгінгі күні ислам дінінің нағыз ғылымның қайнар бұлағы екенін тек қана надандар жоққа шығарып, мойындамауы мүмкін. Өткені, ислам дінінде, тіпті, дәрет, намаз, ораза, зекет және қажылық секілді құлшылықтарды орындау үшін де оның ғылымын, білімін үйрену талап етілген.

Сондықтан ислам дінінің білімге деген көзқарасын білгісі келген жанның Құран Кәрім мен пайғамбар хадисі арқылы оқып-білуіне болады. Құран Кәрім мен хадис шәріптерде білімнің артықшылығы мен қадір-қасиеті жайында мысалдар көп.

Айтар болсақ, қасиетті Құранда: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады», – дейді. Олай болса, Құранды түсіну үшін адам, ең алдымен, ғылымға ден қоюы керек.

Білім мен ғалымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба?». Байқасаңыз, осы аятта Алла Тағала сұрақ қою арқылы білімнің қадіріне меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдан анық.

Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар «Қытайға барсаң да білім ал» деп үмметіне өсиет қалдырып, хакім Абай «малыңды сат, жаныңды сат білім ал» деп даналық айтқаны белгілі.

Бүгінде зайырлы Қазақ елінде Тәуелсіздік алғалы талай білім ордалары құрылып, салалық мамандықтар көбейе түсті. Солардың бірі қазіргі қоғам үшін ең өзектісінің бірі  діни білім алу мәселесі. Бұл мәселенің өзекті болып отырған жөні бар қазіргі таңда. Тоқсаныншы жылдары сенім-наным бостандығы тар құрсаудан шығып, еркіндік берілген кезде жастардың алдыңғы легі діни білім аламыз деп Түркия мен араб елдеріне бел аса бастады. Бұған алғашында елдің қуанғаны да рас. Ол жерлерде жастардың қандай, кімнен білім алғандары 2000 жылдары сезіле бастады. Бірі «хизбутшы», бірі «сопы», енді бірі «құраниттер» болып шыға келді. Қазір енді олар бір елде, бір дінді оқыса да, бірнеше ағымның сойылын соғып жүр.

         Ал енді сол «діндар» азаматтардың кейбіреулері аяғын тәй-тәй басып, экономикалық іргетасын қалап, ата-салты мен әдет-ғұрпын жаңғыртып келе жатқан мемлекетімізді даму даңғылынан тайдырғысы келеді. Неге? Неліктен? Өйткені олардың басым бөлігі, ислам дінінің қайнар көзінен білім алдық деген оймен, мәзхаб мәселесін ұмытып, ислам ойшылдары мен ұлық имамдарды адасқан деген ұстанымдағы мектептерді өкілдерінен білім алған. Алып та келеді. Ханафи, Малики, Шафиғи, Ханбали мәзхабтарын теріске айналдырып, өздерін сәләфилерміз дейді. Сөйтіп, дәстүр мен ұлттық құндылықтарды аяқасты етіп, уахабизмнің негізгі идеологтары Ибн Баз, Ибн Ханбал, Ибн Таймия секілді «ғұламалардан» және солардың «шәкірттерінен» өзгелерді тыңдамайды да. Бірінші кезекте тіс қаққан «діндарлар» өз «шәкірттерінің» санасын улап, одан соң оларды ешкімге құлақ аспайтын халге жеткізеді. Сонан соң қанша тырысып бақсаңыз да оның дәстүрлі ортаға оралуы қиынға соғады. Мұны қазіргі дін саласында жүрген тәжірибелі теологтардың өздері мысал етіп айтып та жүр. Енді осы жерден діни білімді қалай және кімнен алған дұрыс?-деген сұрақ шығады.

Қазіргі уақыттағы тәуелсіздіктің сыйын жақсы бағалап, ұл-қыздарымызды иманды етіп тәрбиелеу мақсатында мешіт жанынан ашылған сауат ашу, Құран курстарына қатыстырып, діни білімді жетілдіру – уақыт талабы. Балаларымызды да жастайынан еліміздегі медреселерге оқуға беріп, рухани көкжиегін кеңейткен дұрыс. Егер біз діни сауатты, дінімізге берік, иманымызға кәміл болсақ, бізді ешқашан жау жеңе алмайды. Бүгінгі қазақ халқының талай ғасырдан бері мұсылман болуы сол діни білімді атадан балаға жеткізіп келуінде. Сол ата-бабалымыздың дұғасымен, тілегімен, мұрасымен, білімімен бүгінгі ұрпақ бар және сол ұрпақтың тәуелсіз мемлекеті бар.

Діни білімді ғалым дәрежісіне жеткен, білгір, мойындалған, дәстүрлі бағыттағы шариғат білгірлерден алған дұрыс. Дініміздің фақиһы болу, шариғат мәселелерін терең түсіну – екі дүние үшін де өте қажет. Шариғат білгірі деп иман мен күпірлік, мұсылман мен мұнапық, сауап пен күнә, адал мен арам, жәннат пен тозақ, қай амал жәннатқа, не нәрсе тозаққа жетелейді деген мәселелердің ара-жігін ажыратып, оны терең түсініп, сұрақтарға жауап бере алатын адамды айтамыз. Ал, мұны оқу-білу бақыты Алла нәсіп еткен адамға ғана бұйырады. Мұндай адамның дәрежесі, Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқандай: «Бір фақиһ ғалым мың құлшылық қылушыға қарағанда, шайтанға қарсы күшті әрі басым келеді».

Егер жастар діни білім аламын және сол салада еліміз үшін қызмет қыламын десе, діни білімді отан­дық діни оқу орындарында ал­ған маңызды. Ата-аналар мен студент­тер сапалы діни білім алу үшін Қа­зақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаев елдің қиын экономикалық жағ­дай­ларына қарамастан, 1993 жыл­дың өзінде Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін ашқызды. Алғаш құрылған 2000 жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде алты жоғары оқу орнында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атын­дағы ҚарМУ мен «Нұр Мүбәрак» университетінде және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде дінтану мамандар даярланады.
            Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамда жастардың діни білім алуға деген ынта мен жігері қуантады. Жастарымыз елді дамыту жолында діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындаса тіптен жақсы. Жер бетінде ғылым-білімді Исламдай ардақтайтын дін немесе қоғам болмаса керек. Өйткені, мұсылман жұртының қасиетті кітабы Құран Кәрімнің ең бірінші түскен аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы», – делінген. Осының өзі адамзатты білімге жетелейтіндігін дәлелдейді.

Думан БАЛЫҚШИЕВ,

Жылыой аудандық мешітінің ұстазы