Мұсылман баласы қайбір керекті мұқтаж болған дүниесін әрине жаратушы Аллаһтан сұрайтыны мәлім. Кейде дұғамыз қабыл болып төбеміз көкке жетіп жатса, кейде ұзақ уақыт сынаққа тап болатынымыз бар.
Ондай кезде мұсылманға сабырлық қана жарасады. Яғни, Аллаһқа дұға еткеннен кейін ақырын сабырмен күту ақылды адамның әрекеті болмақ.
Бірде бір сахаба дұға туралы «Мен дұға еткенде қабыл болса қуанам, ал қабыл болмаса екі есе қуанам. Себебі бұл сұраған нәрсем маған қайырлы немесе қайырсыз екенін жаратушыдан басқа ешкім білмейді», – деген екен. Демек дұғамыз қабыл болмаса да оған сабыр еткеніміз үшін де сауапқа кенелетініміз анық.
Дей тұрғанмен пенде болған соң сұраған тілегіміз орындалғанын қалаймыз. Ендеше сол тілектер орындалу үшін шариғат бізге дұға жасау әдептерін үйретеді. Мәселен дұға етер алдында Аллаһтан кешірім сұрау және оған мақтау, мадақ айту. Дәрет алып, тазаланып, жүзімізді құбыла жаққа қаратып, бар ынта-жігерімізбен жалбарыну. Дұғаны мүмкіндік болса мешітте жасау. Мешітте жасалған дұға берекелі болады. Дұға етіп болған соң хазіреті пайғамбарымызға сәлем-салауат айту.
Дұға қандай жағдайда қабыл болады? Біріншіден, шынайы орындалатынына сеніп дұға жасау. Дұғаны қайырлы уақыттарда, қайырлы орындарда жасау. Мысалы, азан мен қаматтың арасында, азан айтылып жатырған кезде, қадыр түнінде, қасиетті жұма күнінде, қасиетті Меккеде, қажылықта. Сондай-ақ хадис –хабарларда мынадай үш кісінің дұғасы қайтарылмайды дейді. Олар: біреуден жәбір көрген мүсәпірдің, ата-ананың балаға жасаған дұғасы және сапар шеккен жолаушының дұғасы. Міне жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып дұға етсек дұғамыздың қабыл болары әбден шындық.
Әлбетте жаратушыға қандай жағдай болмасын дұға етуге болады. Алайда дұға етудің әдептерін де естен шығармасақ нұр үстіне нұр болмақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед мұстафа (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Барлық қажеттіліктеріңді Аллаһтан сұраңдар, тіпті бәтеңкенің бауы болса да», – деген. Жаратушы Аллаһ пендесіне зиян етпейді, оның жайған қолын бос қайтаруға ұялады. Ол сондай мейірімді әрі аса қамқор. Ендеше жаратылыстарға қол созбай ұлы Хақтан жардем сұрайық. Дұғаларымыз қабыл болсын!
Самат КҮБІРБАЕВ,
«Доссор мұсылмандар» мешітінің азаншысы