amin.kz/ 23 мамыр, 2020 жыл. Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
» Өкінішке орай, мешіттерде ораза айт намазы жамағат болып оқылмайтын болды. Бұл жеке басыңыздың, отбасыңыздың амандығы үшін жасалып отырған мәжбүрлі қадам.
Айт намазы оқылуы уәжіп, жұма намазы парыз екендігін еске сала отырып, үйде де Айт намазы оқылмайтындығын жеткізгіміз келеді.
Оның орнына мүфтияттың мәлімдемесіне сүйене отырып, дұха намазын оқуға шақырамыз. Бұл нәпіл намаз. Айт намазы оқылмаған жағдайда оқылатын төрт рәкағаттан тұратын намаз» деп атап өтті сөзінде Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Елімізде және әлемде болып жатқан қазіргі ахуал белгілі.
«Осының салдарынан қаншама құлшылықтарымыз атқарылмай жатыр. Мешіттерде жұма, тарауық намаздарымыз да оқылмады. Мешіт есіктері жабық болғанымен де, қайырымды амалдардың есігі жабылған жоқ. Біз қасиетті Рамазан айын ізгі амалдармен өткердік. Әркім оразасын ұстады, үйінде құлшылық жасады. Пітір садақаны ағайын онлайн режимде берді.
Бұл күндер де өтеді» деген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жұртшылықты Алланың рақыметінен күдер үзбеуге шақырды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.