Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысты.
«Конфессияаралық келісім – Қазақстан Тәуелсіздігінің негізі» тақыбырында өткен халықаралық басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, әр отбасыға амандық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Аллаға шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында мешіт-медреселеріміз көркейіп, Құрбан айт құрметіне демалыс жарияланды. 1991 жылы егемендік алған сәтте елімізде небары 68 мешіт болса, бүгінде құлшылық үйлерінің саны 2600-ге жетті. Егемендігіміздің алғашқы жылында елімізден 74 адам қажылық парызын өтеген болса, қазір жыл сайын ұлы сапарға барушылар саны 4 мыңнан асты. Осының бәрі Алланың қалауымен тәуелсіздігіміз бен бірліктің арқасында жүзеге асып отыр» деп атап өтті.
Айта кетсек, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының ұйымдастыруымен өткен жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.