Алматыда өтіп жатқан Ғұламалар кеңесінің ХХХІІІ мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Қазақстандағы Ислам тарихы» оқу құралының танытымы өтті.
«MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген жаңа кітаптың танытымына ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Ғұламалар кеңесі мүшелері қатысты.
«Қазақстандағы Ислам тарихы» кітабында Қазақстан халқының дәстүрлі сенімі – Ислам дінінің Орталық Азия мен Дешті Қыпшақ даласына таралу тарихы нақты деректер арқылы көрсетілген.
Кітапта Әзіреті Омардың (Алла оған разы болсын) хадиске арқа сүйеп, түркілермен бейбіт қатынаста болуы, әмауилердің түркілерге қарсы фатх жорықтарын ұйымдастыруы, Түркеш билеушілерінің өз аумақтарын қорғауы, жеңуі және жеңілуі, жік-жікке бөлінуі, Талас ғазауатының барысы мен сипаттамасы зерделенеді.
Сондай-ақ түркілер арасына Ислам дінінің таралуына ықпал еткен Самани, Ғазнауи, Тахири, Ғұри, Мәмуни, Алтунташ, Қарахан, Хорезмшах, Хазария, Еділ бұлғарлары, Алтын Орда мемлекеттерінің тарихы жан-жақты талданады.
Бұл кітап еліміздегі медресе-колледждер, сауат ашу және қарилар орталықтарының шәкірттері, университет студенттері, магистранттар, докторанттар және жалпы көпшіліктің діни, рухани, тарихи танымын арттырары анық.
Зерттеу барысында Ислам тарихының белгілі ғалымдары әл-Идриси, Зәкәрия ибн Казуни, Қудама ибн Жағфар, Ибн Хордабек, әл-Мақдиси, әл-Бакри, Орун Қойлақи, Ибн әл-Әсир, Кашифи, Ибн Халликан, Хазини, Жәмидің классикалық еңбектері мен кейінгі іргелі ғалымдардың зерттеулері негізгі дереккөз ретінде қарастырылды.
«Қазақстандағы Ислам тарихы» кітабын елімізге белгілі ғалымдар Мұхан Исахан мен Ақмарал Сатыбалдиева дайындады. Кітапқа Дін істері комитеті дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген. ҚМДБ-ның сараптау комиссиясы мақұлдаған.