amin.kz/ 3 қыркүйек, 2020 жыл. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ел Президенті халыққа Жолдауында әлеуметтік сала бойынша бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы осы жылдың соңына дейін азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қымбат тұратын емге төлеуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалану бойынша қажетті құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмысын жүргізуді тапсырды. Бүгінде мақұлданған тұжырымдамалық шешім бар. Аталған мақсатта 721 мың адамның өз зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндігі болады.
Осы орайда шамамен 1,4 трлн теңге көлемінде», – деді министр Үкімет отырысында. Оның ішінде жеткіліктілікті шегінен асатын зейнетақы жинағы бар 530 мыңға жуық жұмыс істейтін азамат, 178 мыңнан астам зейнетақы жинағы бар зейнеткер және 13 мың аннуитет төлемдеріне шарт жасаған азаматтар қамтылған.
Айта кетейік, Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсауға болатынын айтты.