Намаз – діннің тірегі, құлшылықтың ең абзалы. Исламның негізгі бес парызының бірі.
Намаз араб тілінде «солат» деп айтылады. «Солат» сөзінің тілдік мағынасы «дұға» деген мағынаны білдірсе, шариғаттағы мағынасы – тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, белгілі сөздер мен қимылдардан тұратын ғибадат.
Намаз Исламнан бұрынғы илаһи діндердің бәрінде де парыз етілген. Алла Тағала Құранда: «Мен жындар мен адамдарды тек (Мені танып) маған ғибадат етсін деп жараттым», – деген. Пайғамбарымызға жүктелген, иман келтіргенімізден кейін орындалуы керек құлшылықтың ең алғашқысы – намаз. Алла Тағала Құранда: «Олар Аллаға нағыз шынайы ынтамен ғибадатты орындауы, намаз оқуы, зекет беруі үшін әмір етілген. Міне осы – тұп-тура дін», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муаз ибн Жәбәлді Йеменге жіберіп, оған мына өсиетті айтты: «Уа, Муаз! Сен Әһлі кітап қоғамына бара жатырсың. Оларды Алладан басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етуге шақыр. Егер мұны қабыл етсе, Алланың бір күнде бес уақыт намазды парыз еткенін айт. Мұны да қабылдаса, байлардан алынып, кедей-кепшікке берілетін зекеттің оларға да парыз етілгенін айт», – деген.
Намаздың өте маңызды әрі барша құлшылықтың өзегі екеніне тағы бір дәлел – оның Құранда ең көп айтылуы. Сонымен қатар ол өзге ғибадаттармен бірге айтылса, бірінші намаз айтылады. Алла Тағала Құранда: «Намазды толық орындаңдар, зекетті беріңдер, сондай-ақ иілушілермен бірге иіліңдер», – дейді.
Басқа құлшылықтар жер бетінде парыз болса, бес уақыт намаз Миғражда парыз болды. Бұл да намаздың ұлы дәрежеге ие екенін көрсетеді. Әнас ибн Мәликтен жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз Миғражға көтерілген түні ең алдымен елу уақыт оқылатын намаз парыз болды. Алла Тағала осы елу уақыт намазды бес уақытқа азайтып: «Уа, Мұхаммед! Менің құзырымдағы үкім өзгертілмейді. Сол бес уақыт намазда елу уақыт намаздың сауабы бар», – деген. Сондықтан намаз мүминнің рухани миғражы деп аталған. Намаз оқу арқылы мұсылман Жаратушысына мойынсұнып, жақсылыққа қадам басады. Тыйым салынған, жағымсыз iс-әрекеттерден арылып, рухани ем алады. Өйткені намаз – адамды арсыздықтан тыятын, азғындықтан сақтайтын құлшылық. Алла Тағала Құранда: «Намаз оқы. Анығында намаз – жеккөрінішті (бұзық) істерден және жамандықтан тыяды», – деген.
Намаз – ақыретте ең алғаш сұралатын амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Қиямет күні пенденің амалынан ең әуелі сұралатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға салынады», – деген.
Сонымен қатар намаз күнәларға кәфарат болады. Әбу Һұрайрадан жеткен хадисте: «Сендердің біреулерің есігінің алдында ағып жатқан өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Жоқ, қалмайды», – деп жауап қайырады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Судың кірді тазалайтыны секілді бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды», – деген. Тағы бір хадисте: «Сәждені көбірек жаса! Әр сәжде жасаған сайын Алла сенің дәрежеңді жоғарылатады және сенің күнәңді өшіреді», – деген.
Намаз – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне қалдырған соңғы өсиетінің бірі. Умму Саламадан жеткен хадисте Алла елшісі қайтыс боларында айтқан өсиетінің соңғысы: «Намазға және (қол астындағы) құлдарыңа (ерекше) көңіл бөліңдер», – дегенді айтуға тілі келмей қалғанға дейін қайталады», – деген.
Қорыта айтқанда, намаз – діннің ең басты рәмізі, діңгегі, иманның нұры, мүминдердің миғражы, Қиямет күні ең бірінші сұралатын маңызды құлшылық. Намаз пенде мен Раббысының арасын байланыстырады. Сол арқылы пенде Раббысына жақындайды, күнә-кемшіліктерінен тазарады, жаны мен тәніне шипа тауып, Алла алдында дәрежесі өседі. Сондықтан намаз – дәрежесі жағынан бүкіл ғибадаттың төресі.
Хадисте баяндалғандай, Алланың құзырындағы ең сүйікті амал – уақытында оқылған намаз. Осыған орай жәннаттың кілті болған намаз құлшылығын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткендей, уақытылы, қазасыз орындайтын пенделер қатарынан болуды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №10, 2024 жыл