Иғтиқаф

Иғтиқаф – бір жерде тұру, күту, өзін бір жерге қамау деген сөз. Фиқһ терминінде – бір мешітте немесе соған ұқсас бір жерде иғтиқафқа ниет етіп, белгілі бір мезгіл сол жерде қалу.

Бұл – уәжіп, мүәккад сүннет және мұстахап түрінде үшке бөлінеді. Аталған (иғтиқафқа кіремін деп сөз байланған) иғтиқаф – уәжіп, Рамазанның соңғы он күніндегі иғтиқаф – кифая жолымен мүәккад сүннет. Басқа бір уақытта ғибадат ниетімен бір мешітте бір мезгіл иғтиқафта болу – мұстахап.

Иғтиқафтың дәлелі Құран мен сүннетте бар: Құранда: «Сендер мешіттерде иғтиқафта болғанда… (Бақара, 2/187). «Менің үйімді (Қағбаны) тауап етушілер, ғибадатқа отырушылар, және рүкүғ, сәжде етушілер үшін тап-таза ұстаңдар» – делінген (Бақара, 2/125).

Бұл екі аятта да иғтиқаф ғибадаттарына тиісті мешіттерді көрсеткен. Айша, ибн Омар, Әнестің (р.а.) риуаятта- рында былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) Мәдинаға келгеннен кейін көз жұмғанға дейін Рамазанның ақырғы он күнін иғтиқафпен өткізетін. (Бухари, Итиқаф, 1.)

Иғтиқафтың мақсаты – адамның оңаша қалып шынайы ықыласпен Аллаһқа бет бұру, оған жақындауға тырысуы. Мұның ең аз мерзімі – бір күн.

Иғтиқафтың шарттары:

1. Мұсылман, ақылы түзу, таза болуы керек.

2. Хайыз, нифастағы әйелдің иғтиқаф жасауы дұрыс емес. Ғұсылы жоқ адам да сыртқа шығып тазала- нып келуі керек.

3. Иғтиқафқа ниет ету керек.

4. Иғтиқаф мешітте немесе соған ұқсас жерде болуы керек. Жамағатпен намаз оқылатын мешітте болады. Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) былай дейді «Иғтиқаф – жамағатпен намаз оқылатын жерде ғана жасалады». Әйелдер болса өз үйлерінің бір бөлмесін мешіт етіп, сол жерде жасай алады. Дегенмен, оларға мешітте жасауға да болады.

5. Уәжіп иғтиқафқа кірген адамның аузы берік болуы керек. Қателесіп аузын ашуы – иғтиқафқа кері әсер етпейді. Сүннет иғтиқафта ораза шарт емес. Әйел ерінен рұқсат алуы керек.

Иғтиқаф әдебі:

1. Иғтиқафты Рамазан айының ақырғы он күнінде мешітте жасау.

2. Иғтиқаф кезінде жаман сөз сөйлемеу керек. Жақсы, шарапатты сөздер айтылғаны абзал.

3. Иғтиқаф кезінде Құран, хадис, Аллаһты барынша зікір етіп, көп салауат айтып, терең ғибадат ету керек. Жақсы киім мен хош иіс жаққан абзал.

Иғтиқафты бұзатын нәрселер:

1. Жыныстық қатынас. Құранда: «Мешіттерде иғтиқафта болған кезде әйелдеріңе жақындамаңдар» – деп айтылады. (Бақара, 2/187.)

2. Иғтиқафтағы мешіттен себепсіз шығу иғтиқафты бұзады. Түнде немесе күндіз сыртқа әдейі немесе қателесіп шықса, иғтиқаф бұзылады. Бұның мезгілі – Әбу Юсуп пен Имам Мұхаммед бойынша, бір күннің жарты- сынан артық уақыт.

Әйел мешіт санаған өз бөлмесінен себепсіз шықса, иғтиқафы бұзылады. Науқастың көңілін сұрау, жаназа намазы, т.б. секілді жағдайлар да иғтиқафқа кедергі жасайды. Бірақ аталған иғтиқафта науқасқа бару, жаназа оқу шарты қосылса – иғтиқафты бұзбайды.

3. Иғтиқафқа кірген адам бірнеше күн есінен айрылып талып қалса немесе ақылына нұқсандық келсе, иғтиқафы бұзылады. Ондай жағдайда кейіннен қайта бастауға тура келеді.

Бірақ зәру, табиғи жағдаймен шыға алады. Сол мешітте жұма намазы оқылмаса, басқа мешітке жұма үшін бара алады. Мәжбүр жағдайда басқа мешітке де көше алады. Иғтиқафқа кірген адам сол жерде ұйықтап тынығып, тамағын сол жерге алдырып тамақтанады.

Айдын СЕРІКБАЕВ,

«Анашым» мешітінің бас имамы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

«Ислам ғылымхалы» Қ.Жолдыбайұлы, М.Исаұлы