Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабының танытымы өтті.
Іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы Смағұл Елубай, қоғам қайраткері Асылы Осман, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері Шамшәдин Керім, Төрәлі Қыдыр, Ықтияр Палтөре, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Айдарұлы, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Медсантұлы, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Ұлттық кітапхана басшысы Бақытжамал Қайырбекқызы, ақын Құл-Керім Елемес, елге белгілі қаламгерлер, белді журналистер мен блогерлер, өнер жұлдыздары мен спорт шеберлері және онлайн түрде облыс бас имамдары мен қала имамдары қатысты.
Игі іс-шара Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанның Құран оқуымен басталды. Бас мүфти оқылған Құранның сауабын марқұмдарға бағыштап, жиынға қатысушыларға ізгі тілегі мен алғысын білдірді. Наурызбай қажы Тағанұлы ихсан асыл дініміз бен қазақ руханиятындағы үлкен маңызға ие ілім екенін айта келіп: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанымда елімізде Исхан ілімін кеңінен насихаттау қажеттілігі туралы бастама көтердім. Президентіміз бұл бастаманы қолдайтынын жеткізіп, игі тілегін білдірді. Біз халқымыздың жүрегіне жақын рухани ілімді кеңінен насихаттау үшін «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығаруды қолға алған едік. Міне, ерекше ынта-ықыласпен жазылған қолыңыздағы бұл еңбек сіздің де рухани өміріңіз үшін пайдалы болады деген үміттемін», – деді. Сонымен қатар ҚМДБ Төрағасы жаңа кітаптың жаңашылдығына тоқталып, осы еңбекті шығаруға атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.
Жиын барысында құрметті қонақтар да құнды еңбектің жарық көруімен құттықтап, Діни басқарманың игі бастамаларына жылы лебіз білдірді. Шараны Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жүргізді.
Айта кетейік, «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілген.