amin.kz/ 12 наурыз, 2020 жыл. Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Иордан Хашимит Корольдігінің еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Юсуф Абделғанимен кездесті.
Кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Бас мүфти кеңесшісі Балтабай Мекежанов қатысты.
Мәртебелі мейман Бас мүфтиге жауапты қызметке сайлануына байланысты тілеулестік ниетін білдіріп, Иордан Ислам дін істері және Уақып министрі Мұхаммед Ахмед әл-Халайланың ресми құттықтау хатын табыстады.
«Біз екіжақты келісім мен бауырластық байланыс аясында Иордан Хашимит Корольдігінде оқып жатқан қазақ студенттеріне қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіз басқарып отырған Діни басқармамен, Білім министрлігімен ортақ келісім аясында қазақ студенттеріне грант бөлу мәселесін қарастырып жатырмыз» деп атап өтті Юсуф Абделғани.
Бұл бастама үшін Елшіге алғысын білдірген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – мұсылман үмбеті мен ел игілігі жолында қызмет етіп келе жатқан, 3 мыңға жуық филиалы бар ислами діни бірлестік. Біз оқу-ағарту, діни кадр даярлау, тәжірибе алмасу, т.б. салалар бойынша ынтымақтастық арттыруға дайынбыз» деді.
Басқосу барысында Елші Бас мүфтиді Иорданияда өтетін халықаралық конференцияға шақырды. Кездесу соңында тараптар рухани-ағартушылық бағытта ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.