Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Исатай ауданы жұртшылығына жаңа имамды таныстырды.
Жениш Сисенбаев Исатай ауданының Жамбай ауылындағы Әйтеке би мешіті имамы қызметінен босатылып, Исатай аудандық Зинеден Құрасұлы мешітінің бас имамы болып тағайындалды.
Жаңа имамды жамағатқа таныстырған Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Жениш Сисенбаевқа үлкен міндеттер жүктеліп отырғанын айтты.
«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде дін, рухани салада үлкен бастамалар жүзеге асуда. Дінімізді, ділімізді, руханиятымызды, дәстүрімізді дәріптеуге арналған жобаларды жүзеге асыруда бірлескен еңбек керек. Мешіттеріміз жастарымыздың білімді, иманды болып өсуіне ықпал ететін руханият бесігі болуы тиіс. Осындай үлкен міндеттерді Жениш Құлбайұлының абыроймен атқарарына сенім білдіремін» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Жениш Сисенбаев Түркіменстан Республикасында дүниеге келген.
Орта мектепті Маңғыстау облысында аяқтағаннан кейін, армия қатарында әскери борышын өтеген. Еңбек жолын Ақтау қаласындағы Мемлекеттік күзет басқармасында бастаған.
2010 – 2013 жылдары Шымкент медресесінде «исламтану» мамандығы бойынша білім алған. Дін саласындағы тәжірибесі 2013 жылы басталған. Осы уақытта Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданында имам, кейін Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында имам болып еңбек еткен.
Исатай ауданының бас имамы қызметіне тағайындалғанға дейін, Жениш Сисенбаев аталған аудандағы Жамбай ауылы, Әйтеке би мешітінде имам болып еңбек етіп келді.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.