Көркем сөз – жан азығы

 Сөз – жүректің тәржіманы. Ділде бар інжу-маржан тілден байқалады. Адамның кім екенін көрсететін айтқан екі ауыз сөзінен мәлім болмақ. Ал, сол жүрек түбінде жатқан ойды жеткізудің өзі бір өнер. Жалпы бұған қатысты төмендегі жайтты ескеру артық етпес.

ДАУЫС

Тыңдаушыға ең әуелгі әсер сөйлеушінің дауысының жоғары не бәсеңдігінен болады. Сөйлеу кезіндегі дауыс ырғағы көп жайттан хабардар етеді. Мұны психологияда «сөйлеу техникасы» деп атайды. Дауыстың төмендігі сөйлеушінің өз-өзіне сенімдігінің төмендігін, батыл еместігін, айтпақ сөзінің салмағының әлсіздігін және тыңдарманды үйіріп әкететін қауқары жоқтығын білдіреді. Мұндай жағдайда кісі жалығып, тыңдауға деген зауқы жоғалады. Егер дөңгелек үстел немесе лекция сияқты тыңдауға мәжбүр мәжіліс болса, онда тыңдаушыны еріксіз қалғу жаулайды.

Сонымен бірге, сөйлеу деген осы екен деп бар дауыспен айқайлау да дұрыс емес. Айқайлап сөйлеу кісінің қобалжып тұрғанын, сөзінің негізсіз екенін және өзіне сенімді еместігін білдіреді. Құран Кәрімде айқайлап сөйлеу жайлы: «…Бірқалыпты бол және дауысыңды бәсеңдет. Өйткені дауыстардың ең жағымсызы – есектің дауысы» – деп есекке теңеуі талай мәселені аңғартады.

Құран Кәрімде: «Алла елшісінің алдында дауыстарын бәсеңдететіндер, міне, солар –Алла жүректерін тақуалық үшін сынаққа алғандар. Оларға кешірім әрі ұлы сый бар» – деп әмір етілгеніндей, психологтар айқайлап сөйлеу кісінің айтпақ болған сөзінің негізсіз екені білдірсе, баяу және бірқалыпты дауыспеу сөйлеу өзіне сенімді және сөзінің жүйесі барын көрсетеді дейді.

НАҚТЫЛЫҚ           

Айтылған сөз екі ұшты боп айтушы тыңдаушыға жеткізе алмай әуре-сарсаңға түспеуі керек. Сонымен бірге, бір жайтты айтамын деп екінші мәселеге ойысып, соңында айтпақ ойынан шатасып, ұмытып кететін дәрежеде тереңдеп кетпеу керек. Қысқасы, түсінікті болатындай нақты және шешен сөйлеу қажет. Әсіресе, көпшілік алдында қате және қазақи емес түрде сөйлеу жиі кездесетін құбылысқа айналды. Мәселен, кейбір сөздерді тікелей орыс тілінен аударып қолдану үрдісі. Бұл тілге жасалған қиянат. Айша (р.а.) анамыз: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) сөзі естушінің әрқайсысы түсінетіндей нақты болатын»,– деген.

Мұғауия сахаба жолдасы Амр бин Астан (р.а.): «Адамдардың ең шешені кім?» – деп сұрағанда Амр бин Ас (р.а.): «Сөзі қысқа да аз, мағынасы түсінуге жеңіл және көркем», – деп жауап берген екен. Сонымен бірге, естуші түсінбей қалуы мүмкін болғандықтан үш қайтара айтқан дұрыс. Бұл хадисте айтылған.

БОС СӨЗДЕН САҚТАНУ

Сөзі көбейгеннің қателігі де арта түсетіні анық. Бос және артық сөз иесіне абырой әкелмейтіні тағы бар. Бұл адам баласының бойындағы ең жағымсыз қылықтың бірі. Хадисте: «…Мені қатты ашуландыратын және қиямет күні менен ең алыс тұратын адам бос сөзді (мылжың) адам…» – делінген.

ТӘКАППАР КЕЙІПТЕ СӨЙЛЕМЕУ

Жүріс-тұрыста кішіпейіл болу талап етілгендей қарым-қатынаста дәлірек айтқанда сөйлеу мен сөйлесуде кішіпейілділік қажет. Құран Кәрімде: «…Ал, мүміндерге қанатыңды игін»– айтылғандай, тәкаппарлана сөйлеу – адамдарды ғана емес, Жаратушыны да ашуландыратын теріс қасиет. Абдулла бин Амр (р.а.): «Алла Тағала ер кісілердің сиыр тілімен жалағаны сияқты тілімен өзектен өткізіп жіберетін шешенге ашуланады»- деген.

ҚАТЫСЫ ЖОҚ ЖЕРГЕ КИЛІКПЕУ

Сөйлеуші адамдардың жеке өмірі сияқты өзіне қатысы жоқ тақырыптарды сөзге арқау етпеуі тиіс. Мұндай сөз адамға ешбір пайдасы жоқ, керісінше оны тілге тиек ету адамға күнә алып келеді. Хадисте: «Адамның мұсылмандылығының ең көркемі өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласпауы»– делінген. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл сөзінен кісінің ар-намысына тиіспеу, жеке кеңістігін құрметтеу және тек өз шаруасымен шектелу керектігін түсінеміз. Әрине, бұл адамды құрметтеу, сыйлау және өз қадір-қасиеті мен абыройында жоғалтпаудың негізі болмақ. Хасан Басри: «Алла Тағаланың пендеден теріс айналғанының бір белгісі ол адамды өзіне қатысы жоқ іс-әрекетпен жұмыс басты етіп қоюы», – деген ұлағатты сөзі соның айғағы.

БАЙЫПТЫЛЫҚ    

Айша (р.а.) анамыз: «Алла елшісі (с.ғ.с.) сендер сияқты сөйлемейтін, ол кісі бір әңгіме айтса санаушы қаласа санай алатын» – деп, әңгімесіндегі әрбір сөзді санауға мүмкіндік беретіндей моншақтай тізбектеп жеткізетіндігін әрі ешбір асықпай баяу сөйлейтіндігін айтуда.

ШЫНДЫҚ

Айтпақ сөзінің шындық және рас екеніне көз жеткізу. Әрбір естіген сөзін айта беру адамның абыройын төгеді. Құран Кәрімде: «Олар қандай сөз айтпасын, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар». Біреуден естіген негізсіз сөзін айтумен өтірік немесе жала әңгіменің өшри түсуіне себепкер болары сөзсіз.

Әсіресе, әлеуметтік желіге түскен ақпараттың қалай жылдам тарайтындығын ескерсек адам аузынан шыққан бір сөздің салдарынан әп-сәтте таудай күнәның астында қалары ақиқат. Қала берсе өзінің абыройына нұқсан тигізеді. Ал, хадисте: «Адамның әрбір естіген сөзін айта беруі өтірік ретінде жеткілікті»– деп айтылған.

Мақсот БАҒЫТЖАНОВ,

«Мәулімберген» мешітінің имамы