Күншілдік пен қызғаныш

Қызғаныш пен күншілдік адамның жасаған игі істерін жоқ ететін жаман, жағымсыз сипат. 

Ең алғаш рет жер бетінде қан төгіс жасауға да себеп  осы қызғаныш, іштарлық болған. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  бұл жайында: «Қызғаныштан сақтаныңдар! От отынды өртеп жоқ қылатыны секілді қызғаныш та жақсылықтарды жоқ етеді.» – деген.

Олай болса күншілдік пен көреалмаушылық өзгені де, оның дүниесі мен бала-шағасына да зиян келтіруден бұрын күншіл адамның өзін адастырып, зардап шектіреді, барлық жасаған ізгі істерінің сауабын жоқ етеді. Сондай-ақ қызғаныш ешуақытта біреудің өмірін өзгерткен емес. Бақ-берекесін, дүниесін қызғанумен біреуді кедей ете алмайсың. Өйткені оның бақуатты өмір сүруі Алланың жазған тағдыры.

Жүсіп Баласағұн «Күншіл адам – мұңшыл» деп дөп басып айтқан. Ешбір күншіл мұратына жете алмаған. Ешкімнен құрмет көрмеген. Көре алмаушылық жүйкені тоздырады. Өсекке жетелейді. Өмірдің қысқаруына себеп болады. Олай болса Алланың тағдырына қарсы келме, пенденің қолындағының барлығы пәни екендігін ойла! Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын); «Мұсылманның көңілінде иман мен қызғаныш бірге болмайды»

«Өзіңе жақсы көргенді өзгеге тілемейінше толық иман еткен болып саналмайсың»  – деп, өзің қуанғанда өзгені де ұмытпауды бұйырған. Осылайша өзің қызғаныштан құтылғаның секілді өзгенің қызғанышынан сақтанып жүруің керек. Бұл жайлы Алла Тағала;  «Күншілдердің қызғаныш кесірінен (Аллаға сыйынамын)» (Фалақ сүресі 5 аят) – деп дұға етуімізді бұйырған.

Сонымен қатар біреудің қызғанышына түрткі болмау да маңызды. Егер бай болуың саған деген қызғанышын арттыратын болса, онда байлығыңды оның көзінше айтпа, тіпті көрсетпе де. Бұған мысал ретінде Жақып пайғамбардың балалары жайлы айтатын болсақ, оның балалары әдемі де  сымбатты болатын және бір үйдің балалары болғандықтан топырлап тобымен жүретін.

Бірде жақып осы балаларын Мысыр еліне жібергенде жұрттың көзіне түспеулері үшін Мысыр қаласына жеке-жеке кіруді бұйырған болатын.  Олай болса күншіл мен көре алмаушыларға өзіңдегі барды көрсетпеу де діни тұрғыда орынды. Тіпті қызғаншақтар мен күншілдердің зиянынан сақтану үшін олдарға сыйлық беру де керек екен. Бұл жайында «Асқан жақсылықпен қарым-қатынас жаса» (Муминун сүресі 96 аят) деп бұйырған болатын. Жүсіп Баласағұн:

Опасызға бір түйір нан тістетпе,
Күншілге де сеніп ісің істетпе»

Алла Тағала күншілдіктен сақтасын!

Ержан ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің азаншысы.