Аса мейірімді, әлемдердің рабысы болған Аллаға мадақтар болғай!
Ол аса қамқор, ерекше мейірімді, қиямет күнінің иесі, оған ғана құлшылық етіп, одан ғана көмек сұраймыз, бізді тура жолға салғай, өзінің нығметіне бөленгендердің жолына, ашуға ұшырағандар мен адасушылардың жолына емес! Ардақты Пайғамбарға Алланың игілігі мен сәлемі болғай!
Құран кітабы – Алла Тағала тарапынан Мұхаммед пайғамбарға Жебрейіл періште арқылы түскен илаһи, мұғжиза кітап. Құран туралы сөз қозғаса, оны айтып бітіру үшін жер бетіндегі теңіздер сия болса да, бүкіл ағаштар қалам болса да, олар жеткіліксіз болар еді.
Негізгі тақырып бойынша – марқұмдарға құран оқу туралы шариғатымыз не дейді? Бұған байланысты құран және хадистерден дәлелдер келіте кетейік:
«Сондай олардан кейін келгендерге де (бұл олжадан беріледі.) Олар: Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма. Раббымыз шүбәсыз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің». (Хашр10).
Раббымыз! Есеп құрылатын күні, мені, әке-шешемді және мүміндерді жарылқа! (Ибраһим41).
Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр! (Исра24).
Бұл аяттардың барлығында дерлік Алла Тағала бұл дүниеден марқұм болып кеткен кісілерге арнап дұға жасау керек екенін бізге үйретіп жатыр. Яғни дұғалардың ең абзалы да, көркемі де ол – құран. Тұжырымдай келе құран ең керемет дұға болғандықтан марқұмдарға оны оқудың әбестігі жоқ екенін ұғынуға болады. Ал хадистер не дейді?!
Пайғамбар былай деп айтты: Өлілеріңе Ясин сүресін оқыңдар (Сунан Әбу Дауд 3121). Ахмад ибн Ханбал атты атақты мухаддис ғалым шәкірттеріне сабақ өтіп жатқан кезінде, ол бір кісінің қабір басында тұрып Ясин сүресін оқып жатқанын көреді.
Имам Ахмад мұны көріп, өзінің шәкірттерінің біріне былай дейді: Ана кісіге барып айт, олай жасамасын, бұл бидғат амал. Шәкірті имамның айтқанын қабір басындағы кісіге жеткізеді. Сол кезде имам Ахмадтың басқа бір шәкірті оған былай дейді: ей имам! Мен Пайғамбардың – Өлілеріңе Ясин сүресін оқыңдар, – деп айтқан хадисін естідім. Мұны естіген имам – Астағфируллаһ, уа атубу илайһи (Алладан кешірім сұрап, оған тәубе еттім), дейді де, алғаш жұмсаған шәкіртіне тағы да былай дейді: оған барып айт, Ясин сүресін оқи берсін.
Міне осы мәселені ибн Қудама өзінің «Муғни» атты аса үлкен кітабында келтірген. Сондай-ақ басқа да хадистерде де Медине халқының қабір басында Әли Имран сүресін оқығандығы келтіріледі.
Расында да бұл амал Пайғамбар көзі тірісінде өте көп орындалған амал болмағанымен, Пайғамбар бұл істен адамдарды қайтармаған, және аз да болса осы істі істеуге үндеген. Алла Тағала барлығымыздың дүниеден өткен марқұм туыстарымызға өзінің нұрын жаудырғай және де біздің де екі дүниемізді көркем еткей!
Алтынбек Ажокұлы,
Құспан Молла мешітінің наиб имамы