Мекке қаласында Қазақстан қажылық миссиясы жанынан медициналық көмек көрсету орталығы ашылды.
Миссия төрағасы, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар орталық жұмысымен танысып, дәрігерлермен сұхбаттасты.
«Қажылық миссиясы құрамында 3 дәрігер қызмет істейді. Дәрігерлердің ұсынысымен қажетті дәрі-дәрмектің бәрі алынды. Медициналық орталық алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге дайын. Орталықта ерлер мен әйелдерге арналған процедуралық кабинеттер, палаталар бар. Қажылардың денсаулығы біздің назарымызда» деді миссия төрағасы. Сондай-ақ Ершат қажы Оңғар қажылықпен айналысатын 14 фирманың дәрігерлері орталықпен үнемі байланыста екенін атап өтті.
Қажылық миссиясының өкілі, дәрігер Әбдіжаппар Еркінұлы да емдеу протоколы бойынша дәрі-дәрмектер жеткілікті екенін жеткізді.
«Биыл пандемиядан кейінгі алғашқы қажылық болғалы отыр. Сондықтан қажыларымыздың денсаулығына ерекше мән беріп отырмыз. Қажылықпен айналысатын 14 фирмаға «Қажылық және медицина» тақырыбындағы брошюралар, созылмалы ауруларға қатысты мәліметтер берілді. Туристік фирмалардың дәрігерлері де өз міндетіне кірісті» деді миссия дәрігері.