Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайты.
Құттықтау сөзінде ол Наурыз мейрамының маңызы жайлы сөз етті:
“Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Бұл – біздің ата дәстүріміз. Бүгін баршамыз бір ел, бір халық болып төл жаңа жылымызды қарсы алып жатырмыз. Әз Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді” деді президент.
Құттықтау сөзінде ол биыл Наурыз мейрамының Рамазан айымен тұспа-тұс келгенін тілге тиек етті:
“Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді” деп атап өттті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ, Наурыз мейрамының биыл Наурызнама ретінде 10 күнге жалғасатынын айтты:
“Биылдан бастап Наурыз мейрамы, яғни Наурызнама 10 күнге жалғасады. Бүгін еліміз «Ынтымақ» күнін атап өтіп жатыр. Бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз керек. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін” деді мемлекет басшысы.