Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән.
Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Бұл мәселені талқылаудан бұрын, мынаған тоқталып кеткен жөн. Алла Тағала адам баласына дене мүшесін аманат еткен. Сондықтан ағзаларына өз қалауымен зиян келтіруіне болмайды. Себебі өз ағзасына жасаған қиянаты үшін қияметте есеп береді.
Алла Тағала Құранда: وَلا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ «Өздеріңді өздерің қауіп-қатерге итермелемеңдер…»[1] – деп бұйырады.
Егер науқас дәрігерден жанына қол жұмсауын талап етсе, онда өзін өлтіргенмен тең. Ол – үлкен күнә. Сонымен қатар дәрігер науқастың жағдайын ойлап, мұндай ауыртпашылықты көргеннен өлгені артық деп, өмірін қиса жазықсыз біреуді өлтірген болады.
Алла Тағала Құранда: وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا وَغَضِبَ اللَّهُ عَلَيْهِ وَلَعَنَهُ وَأَعَدَّ لَهُ عَذَابًا عَظِيمًا
«Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – жаһаннам және ол онда мәңгі қалады. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Сондай-ақ Тәңірі оған ауыр азап дайындайды»[2] – деген.
Сондықтан, дәрігер өзін өлтіруге рұқсат беріп жатқан науқастың талабын орындамауы керек. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың харам еткен нәрселеріне (бұйырып жатса) пендеге бойсұнылмайды»[3] деген ескертуін дәрігерлер білуі тиіс.
Жалпы шариғат бойынша адам баласы дүниеден өткеннен кейін мынадай діни рәсімдер мен үкімдер жүзеге асырылады: мәйітті жуу, кебіндеу, жаназа оқу, жерлеу, қарызын өтеу, өсиетін орындау, жесір қалған әйелі идда мерзімін күту т.б.
Ендеше осы аталған үкімдерді орындау үшін адамның өліп өлмегені қалай анықталады? Ежелде адамдар өлімді сыртқы бейнелерінен (жүректің соғысы, тыныс алу, қимылдарынан) білетін еді. Қазір медицина мен техниканың дамыған кезеңінде кей жағдайларда жүрек қағысы мен тыныс алуын қайта қалпына келтіру мүмкіндігіне қол жеткізілді.
Бірақ ми жұмыс істеуін тоқтатса, оны қайта жандандыру мүмкін емес. Ми істен шыққан жағдайда қалған ағзалар да бірте-бірте міндетті түрде өледі. Алайда миы жұмыс істеуі тоқтаған адамның заманауи медициналық аппараттар көмегімен жүрек қағысы мен басқа да дене-мүшелерін біраз уақытқа дейін жанды күйде сақтап тұруға болады. Сондықтан осындай жағдайдағы науқас «толық өлді» деп қашан шешім шығарылады?
Бұл жайында ғалымдар арасында бірнеше көзқарастар бар:
1. Ми істен шығып басқа ішкі мүшелері істен шықпаса, онда ол тірі адам саналады.
2. Дәл осындай көрініске өлі адамның үкімі беріледі.
3. Мидың істен шығуы өлім кезеңдерінің бірі.
Оған сол сәтте өлімге қатысты кейбір үкімдер жүреді де, кейбірі дененің қалған мүшелері істен шыққанда орындалады:
1) Мидың жұмысын тоқтатуымен орындалатын үкім аппаратты ажырату.
2) Мәйітті жуындыру, кебіндеу, жерлеу рәсімі бүкіл ағзаларының қызметі тоқтап, істен шыққанда орындалады.
3) Мирас және әйелдің идда мерзімін күтуге қатысты үкімдер адам миы мен бүкіл дене мүшесі істен шыққанда немесе миы қызметін тоқтатып, ағзалары істен шықпаған жағдайда да орындала береді. Осыған орай миы істен шығып, тек аппарат көмегімен тыныс алып жүрегі бірнеше күн немесе апталап соғып тұрған, бірақ тірі қалуына үміті жоқ науқастан аппаратты ажыратудың үкіміне қатысты ғалымдар арасында бірнеше көзқарастар бар:
Бірінші көзқарас:
Миы істен шығып, жүрегі соғып тұрған науқастан аппаратты ажыратуға болмайды.
Дәлелдері: аппаратты ажырату өлімді тездету дегені. Ол қылмыстың бір түрі. Өйткені кей жағдайларда ауру емделіп кететіндей ғажайып жағдайлар да болып тұрады.
Екінші көзқарас:
Аппаратты ажырату тиіс. Өйткені аппаратты ажыратпаса, қоғамның мүддесіне зиян келетін артық шығын орын алады.
Сонымен қоса туыстарын босқа үміттендіріп қояды.
Үшінші көзқарас:
Миы істен шыққан адамнан аппаратты ажыратуға рұқсат етіледі, бірақ міндет емес.
Дәлелдері: Емделу – адам өмірін сақтап қалу үшін қажетті жағдайда ғана тиіс болады. Ал мидың істен шығуы оған қарама-қайшы келеді. Бірақ сол аппаратты ажыратпай сол қалпында қалдырудың өзі мубах болғандықтан рұқсат етіледі.
Алайда мынандай шарттарға мән беру тиіс:
1. Медициналық аппараттың шығыны науқастың өз мал-мүлкінен қамтамасыз етілуі әрі оған мирасқорының келісімі қажет. Немесе жомарт кісілердің қаражатымен болуы тиіс.
2. Бұл аппаратқа мұқтаж, тірі қалуына үміті бар басқа ауру болмауы керек. Міне осы үшінші көзқарасты Исламның медициналық ғылыми ұйымы өзінің 1985 жылғы екінші алқалы жиынында құптады. 1996 жылы тоғызыншы жиналысында тағы да мақұлданды. Сонымен қатар Дүниежүзілік Мұсылман Лигасына қарасты «Ислам фиқһы академиясы» да 1996 жылы Иорданияда өткен мәжілісінде осы көзқарасты негізге алды.
Үкім:
1. Тыныс алуды жеңілдету үшін сұйықтықтарды шығаруға арналған аппараттарды ажыратуға болмайды.
2. Эвтаназия дегеніміз дәрігер науқастың өзінің немесе жанашырының келісімімен, болмаса дәрігердің өзі науқастың ауруы күшеюіне байланысты өмірін қию. Бұлай істеу шариғат бойынша тыйым салынған. Ол жазықсыз бір адамның жанын қиғанмен тең.
3. Дәрігерлердің кеңесінің (консилиум) шешімімен жасанды жолмен жүрек қағысын белгілі уақытқа дейін соғып тұруына арналған медициналық аппаратты тірі қалуға үміті жоқ науқастан ажыратуға рұқсат етіледі.
Алла толық білуші!
[1] «Бақара» сүресі, 195-аят.
[2] «Ниса» сүресі, 93-аят.
[3] Ахмад риуаяты.