Қадірлі отандастар!
Соңғы кездері қоғамда болып жатқан түрлі қатігездік оқиғалар бәрімізді қатты алаңдатуда. Оқушылардың жаппай төбелесі, жастар арасында өзіне қол жұмсау оқиғаларының жиі қайталануы, тұрмыстық қақтығыстың соңы өлімге ұласуы сынды ауыр жағдайлар жанымызға қатты батуда.
Шын мәнінде Аллаға иман еткен пенде адам түгіл жануардың өзіне зиян тигізбеуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» деген. Хадистен тәлім алған мұсылман адамдарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбеуге тырысады.
Шариғатымыз бойынша бейкүнә адамды өлтіру – барша адамды өлтіргенмен тең. Сондай-ақ біреуді өлімнен құтқару – барша адамды өлімнен құтқарып қалумен тең. Мұны жастарымыз жадында ұстап, өмірлік қағидасына айналдыруы қажет. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда былай деген: «…Кімде кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады…» («Мәида» сүресі, 32-аят).
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша азаматты өзара бауырмал, кешірімді, мейірімді болуға үндей отырып, қатігездік істерге жол бермеуге шақырады. ҚМДБ ұжымы қаралы үйлердің қайғысына ортақтасып, марқұмдардың отбасына, туған-туыстарына тағы да көңіл айтады. Алла Тағала марқұмдарды рақымына бөлеп, мәңгілік мекенін жәннаттан еткей. Әмин!
Жаратушы Иеміз халқымызға амандық, жерімізге тыныштық, жастарымызға иман байлығын нәсіп етіп, жас буын өкілдерін қылмыстық істерден, күнәлі әрекеттерден сақтағай. Әмин!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы