Бүгін елордада өткен республикалық имамдар форумында «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат ету мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттары қабылданды.
Аталған құжаттар еліміздегі құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыруға, ысырапқа жол бермеуге, зиратты зиярат ету рәсімі кезінде дін талаптарын ескеруге үндейді.
«Садақа, құдайы ас өткізу кезінде артық ысырапқа жол берілмесе, зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін-кеуделер тұрғызылмаса дейміз.
Қымбат құлпытастар мен үлкен ескерткіштерге кететін қаражат жетім-жесірге, ағайын-туысқа қарайласуға, білім ордаларын тұрғызуға, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығаруға, жол, көпір салу сынды сауабы мол істерге жұмсалса деген тілегіміз бар. Шариғат заңдары міндетті түрде зираттарды сәндеуді, зәулім ескерткіштер орнатуды талап етпейді» деп хабарлады Бас мүфтидің баспасөз-хатшысы Ағабек Қонарбайұлы өзінің «Фейсбук» желісіндегі парақшасында.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.