amin.kz/2 сәуір, 2020 жыл. Бұдан бұрын «Құранның ішінен шыққан кірпік – коронавирустың емі» деген жалған ақпарат тараған еді. Енді әлеуметтік желілерді «сумах деген өсімдік коронавирустың емі екен» деген хабар шарлап жүр. Бұл жалған!
Белгілі ұстаз, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әлиұлы былай дейді:
«Біріншіден, мына мәселені түйсініп алайық. Түстің негізінде діни, яғни сенім, фиқһи (шариғи) мәселелер қалыптаспайды. Емдік мақсатта ішуге қолданылатын дәрілер де, өсімдіктер де шариғаттың шеңберіне кіреді.
Екіншіден, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсте көруге әбден болады. Оған дау жоқ. Бірақ әлгі апайдың көргені әрі кетсе тек сол апайға ғана қатысты болады. Сумахтың шынымен-ақ емдік қасиеті бар екен. Асқазан ауруларына, қуықтың қабынуына (циститке) пайдасы бар.
Сондай-ақ. ғасырлар бойы араб пен түріктің тамағында дәмдеуіш ретінде пайдаланылып келеді. Сондықтан емді дәрігерлеріміздің кеңесінен іздейік. Елімізде енгізілген төтенше жағдайдың тәртібіне бағынайық. Сумах іздеп кетпейік» деп жазды Бауыржан Әлиұлы.
Сумах өсімдігі Африка, Шығыс Азияда елдерінде өседі. Түркияда бұл өсімдік көбіне дәмдеуіш ретінде қолданылады екен. Сондықтан мұндай ақпараттар әлдебір өнімдердің әккі жарнамасы болуы мүмкін екенін де естен шығармағанымыз абзал.
Еске сала кетелік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Түркияның Шырнақ ауданына қарасты Жизре ауылында тұратын намазхан бір әйел түсінде Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көріпті.
Пайғамбарымыз әлгі әйелге «Сумахты суға араластырып ішкен адам коронавирусты жұқтырған кісі болса құлан-таза айығып кетеді, ал жұқтырмаған кісі ішсе коронавирус оған жұқпайды» деген ақпарат тараған болатын. Мүфтият бұл жалған ақпараттың нүктесін қойды.