Төтенше жағдай: Жұлдыз мешітінде құрбандық шалынып, мұқтаждарға азық үлестірілді

amin.kz/2 сәуір, 2020 жыл. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде «Қайырымдылық керуені» жобасы іске қосылған болатын. Ондағы мақсат бүгінгідей сын сағатта қамқорлықты қажет етіп жатқан отбасыларға жылулық сыйлау.

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте құлшылық үйі имамдары мен жамағат бірлесіп, екі бірдей сиыр малын құрбандыққа шалды.

Алла разылығы үшін жасалған игі амал барысында мешіт имамдары елімізді жаман індеттен аман сақтап қалуды тілеп, дұға жасады.

«Бұл күні біз мұқтаж елу отбасына ет және қажетті азық – түлек үлестірдік. Осындай қысылтаяң шақта көбірек құлшылық жасап, қайырымды істерге ұмтылуымыз маңызды. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
«Шамаларың келгенше Алладан именіңдер, оның айтқанына бойсұныңдар, Алла жолында мал мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы» деген. Қайырымдылық жасау қайырлы іс» дейді Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің имамы Айтжан Абдиров.

Еліміздегі төтенше жағдай халықты біріктірді. Бүгінде елімізде коронавирусқа қарсы қор құрылып, мұқтаж жандарға еріктілер, ел азаматтары бірлесіп, көмек көрсетіп жатыр.

Біз біргеміз!

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.