Мысыр Араб Республикасына ресми сапармен барған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы делегациясы Каирде діни білім алып жатқан қазақстандық студенттердің тыныс-тіршілігімен танысып, насихат айтты.
ҚМДБ-ның Мысырдағы жауапты өкілі Руслан Серғазиев делегация мүшелеріне болашақ имамдардың күнделікті тіршілігі, отбасы ахуалы, оқу үлгерімі жайлы баяндап берді. Мүфтият ұжымы шәкірттерге тиісті нұсқамалар беріп, кеңестерін бөлісті. ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шетелде білім алып жатқан жастарға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Діни басқарма сіздерге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Еліміздегі діни саланың дамуына сіздер де сүбелі үлес қосады деген сенімдеміз. Оқуды озат бітірген соң Отанымызға оралып, еліміздің игілігі үшін белсенді түрде қызмет етулеріңізге тілектеспін» деді Аппарат басшысы.
Игі басқосуда ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков пен Абай облысының бас имамы, әл-Азһар түлегі Асқар Мұқанов дінге, халыққа қызмет етудің сауабы мен маңызы жайлы уағыз айтты.