Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы, елордалық имамдар мен медресе шәкірттері «Міржақып. Оян қазақ» фильмін тамашалады.
Ұлтымыздың біртуар ұлы, Алаш зиялысы Міржақып Дулатұлының өмірі суреттелген көркем фильм бірер апта бұрын кинотеатрлардан көрсетіле бастаған болатын.
«Отандық әрі тарихи фильмді қолдау мақсатында ұжымымызбен кинотеатрға келіп отырмыз. Көркем туындыдан рухани әсер алып, ата-бабамыздың, Алаш қайраткерлерінің қиын-қыстау кезеңдегі өмірін көз алдымыздан өткіздік.
Ел егемендігі жолында басын бәйгеге тігіп, қазақ жастарын білімге шақырған Міржақып, Ахмет сынды зиялыларымыздың өмірі мен еңбек жолы баршамызға үлгі. Алла Тағала ұлтымыздың жарқын болашағы жолында құрбан болған арыстарымызды рақымына бөлесін. Тарихи көркем фильмдеріміз көп болып, ұрпағымызға рухани пайдалы туындылар көбейе берсін» деді Бас мүфти.