Биыл, 30 шілде – һижра күнтізбесі бойынша 1444 жыл, Мұхаррам айының бірінші күні.
Мұсылман шариғатындағы ұлы ғибадат – қажылықтың аяқталуымен һижра күнтізбесінің бір жылы қатталып, тарих қойнауына кетеді. Қасиетті қажылық айларынан соң мұсылман күнтізбесінде жаңа жыл басталады. Яғни зұлхижжа айынан кейін келетін мұхаррам айының кіруімен жаңа жыл басталады.
Осылайша мұсылман баласының жылы ғибадатпен, оған қатысты мейрам айымен қорытындыланады. Әрі нақ осы қажылық айында Алла Тағала мұсылмандар үшін нығметін тәмәмдағандығын жеткізіп былай деген:
قَالَ اللهُ تَعَالىَ: ﴿الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الإسْلامَ دِينًا﴾
«Бүгін Мен сендердің діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тәмәмдап, Исламды сендерге дін етуге разылық таныттым» («Мәида» сүресі, 3-аят).
Бұл қасиетті аят – Құран Кәрімнің соңғы түскен аяттарының бірі. Ендеше осы Құранның нәзілі тәмәмдалған аят түскен аймен мұсылман күнтізбесі де тәмәмдалып, тағы бір жылды қорытындылайтын сәт келеді.
Саудагерлер, кәсіп иелері мал-мүліктерінің бір жылғы есеп-қисабын, кіріс-шығыcын есептеп, зекет беретін мөлшерін анықтауға кіріседі. Шариғат шартында һижра күнтізбесімен толық бір жыл иелікте болған нисаб мөлшеріндегі мал-мүліктен 2,5 пайыз зекет шығару – парыз.
«Иманым – ең басты жиғаным» деген ұстанымдағы әрбір мүмін осы шақта бір жыл бойы жасаған амалдарына есеп беруге тырысып, ой елегінен өткізеді.
Сайып келгенде, әрбір мұсылманның тіршілігі нақ осы һижра күнтізбесімен тығыз байланысты. Қазақ халқының тарихы да әу баста һижра жыл санауымен есептелген еді.
Дәстүрлі діни шаралар, тарихи оқиғалар, көне ескерткіштердегі даталар осы күнтізбемен көрсетілген. Кейіннен миләди жыл санауы басымдық алып, бұл күнтізбе ұмытылды. Алайда дін қайраткерлері һижра күнтізбесін ешқашан естен шығармаған. Дүниеден өткен кісінің жасы һижра жыл санауымен есептеледі.
«Һижра» сөзінің негізгі мағынасы «қоныс аудару, көшу» дегенді білдіреді. Сондай-ақ, бұл сөздің түбірінде «тастау, тастап кету, тәрк ету» деген де мағына бар. Меккедегі мүшіріктердің мүміндерге қарсы бірнеше жылғы қысымынан соң Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Раббысының пәрменімен Мәдина шаһарына қоныс аударды.
Бұл қала ол кезде Ясриб деп аталатын. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көшіп келген соң Мәдинатун-Нәбий, әл-Мәдина ән-Нәбәуия – «Пайғамбар қаласы» деп атала бастады. Халифа Омардың (Алла оған разы болсын) кезінде мұсылман жыл санауы бекітіліп, оның басы һижра оқиғасы басталған мұхаррам айы болып бекітілді.
Біз осы мұхаррам айында һижра оқиғасын еске аламыз. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін көз алдымызға елестетеміз. Меккеден Мәдинаға қоныс аударудың себеп-салдары, мәні-мағынасы туралы ой түйеміз.
Қазіргі еліміздегідей дін ұстануға, ғибадат жасауға ешқандай кедергі, қысым жоқ заманда дін үшін һижрет жасаудың маңызы жойылды.
عَن ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لا هِجْرَةَ بَعْدَ الْفَتْحِ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мекке ашылған соң һижрет жоқ», – дейді.
Демек, бұдай былай мұсылман жерінен үдере көшу болмайды. Ендігі жерде һижрет ол күнә-қателіктерді, теріс әдеттерді, жаман қылықтарды тастау болмақ. Ал ең үлкен жиһад – әрбір мүміннің өз нәпсісімен күресі, өзін-өзі тәрбиелеуі.
Мұхаррам айы мұсылман жыл санауының алғашқы айы болып есептеледі. «Мұхаррам» сөзі «қасиетті», «тыйым салынған» дегенді білдіреді. Бұл ай Құран Кәрімде айтылған қасиетті төрт айдың бірі. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұхаррамды «Алланың айы» деп айдарлаған.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَفْضَلُ الصِّيَامِ بَعْدَ رَمَضَانَ شَهْرُ اللَّهِ الْمُحَرَّمُ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза Алланың айы мұхаррам айында тұтылған ораза», – деген. Мүсілім риуаят еткен.
Мұхаррам айында келетін Ашура күні – мұсылман тарихындағы айтулы күндердің бірі. «Ашура» сөзі «оныншы» деген мағынаны білдіреді. Яғни мұхаррам айының оныншы жұлдызы. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш Мәдина қаласына келгенде рамазан айының оразасы парыз болмаған шақта қаладағы яһудилердің мұхаррамның оны күні ораза ұстайтындығын көріп, олардан бұл оразаның себебін сұрайды. Сонда олар: «Бұл – біз үшін үшін айтулы күн. Нақ осы күні Алла Тағала Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар мен қауымын озбыр Перғауыннан құтқарған», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай болса Мұсаға (оған Алланың сәлемі болсын) сендерден гөрі мен жақынмын», – деп, мұсылмандарға осы күні ораза тұтуға бұйырады. Бірақ кейінірек рамазан оразасы парыз етілген соң: «Қалаған адам тұтсын, қаламаған адам аузын ашсын», – деп ерікті ораза санатында қалдырады.
عَنْ أَبِي قَتادةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ سُئِلَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ صَوْمِ يَوْمِ عَاشُورَاءَ فَقَالَ: «يُكَفِّرُ السَّنَةَ الْمَاضِيَةَ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Қатада (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте адамдар Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ашура күнінің оразасы туралы сұрағанда Ол (оған Алланың сәлемі болсын): «Өткен жылдың күнә-қателіктерін өшіреді», – деген (Имам Мүслім риуаят еткен).
Ханафи мазһабының ғұламалары Ашура оразасы сүннет деп белгілеген. Сонымен қатар, Ашура күнін жеке тұтпай, оған алдыңғы, не кейінгі күнді қосып тұтуды ұсынған. Олар дәлел ретінде төмендегі Алланың Елшісінің (оған Алланың сәлемі болсын): «Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге керісінше жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де тұтыңдар» деген хадисін алға тартқан.
Хақ Тағала жасаған ғибадаттарымызды, ізгі істерімізді қабыл алғай. Осынау һижри жылды бүкіл мұсылман үмметі үшін құт-берекелі, бейбітшілік әрі бақуаттылық жылы еткей!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №8, 2022 жыл