Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жыл басында жолдаған бағдарлық баяндамасына сәйкес «Munara TV» арнасын дамыту және жұмысын жетілдіру мақсатында көркемдік кеңес құрылды.
ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте өткен кеңестің алғашқы жиынына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және теле-радио саласының білікті мамандары, танымал диктор, тележурналистер қатысты.
«2021 жылы Діни басқарманың төл телеарнасы «Munara TV» арнасы көрерменге жол тартты. Қазіргі таңда цифрлы хабар тарату желісінде бүкіл елді қамтып отыр. Республикалық мешіттердің жанында студиялары бар арна тәулігіне 20 сағат хабар таратып келеді. Арна жұмысын жетілдіру мен дамыту жолында көркемдік кеңес құрып отырмыз. Мақсатымыз – асыл дінімізді насихаттап, ата дәстүрімізді жаңғырту. Ұлттық мұраларымызды халыққа жеткізу.
Арнада тек дін тақырыбы емес, отбасын сақтау, бала тәрбиесі, ізгі қоғам қалыптастыру, жақсы ана, әкенің орны, Құдайы қонақ, жыр-насихат, әйелдер әлеміне арналған бағдарламалар бар. Сіздермен басқосудағы мақсатымыз – қазіргі қоғамға қажетті қандай контент дайындау керегін, халықтың діни сұранысын, қазақ халқы ұстанатын дәстүрлі исламды насихаттау жолы жайында айтып, ұсыныстарыңызды жеткізсеңіздер деген ойдамыз» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде елімізге белгілі диктор, тележурналист Зейін Әліпбек, «Хабар агенттігі АҚ» Басқарма Төрағасының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов, «Abai TV» арнасының директоры Азамат Кеңесұлы, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас редакторы Дулат Абибуллаев, «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Бекзат Жүсіп, танымал журналист, блогер Асхат Садырбай «Munara TV» арнасын дамыту мен арна жұмысын жетілдіруге қатысты тұшымды ой-пікірлерін жеткізді.