Мұсылман баласы жастық шағын қалай өткізуі керек?

Ислам мәдениетін негізге ала отырып, жалпы мұсылман баласы жас шағын қалай бағалау керек деген мәселеге аз-кем тоқтала кеткенді жөн санадық.

Біріншіден, жастық шақта шынайы дос таңдау

Жастық кезеңнің әрбір уақыты маңызды болғандықтан өмірде жаныңа жанашыр, шынайы дос таба білу де өте маңызды. Өйткені адам досының жолында болады. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай хадисі бар: «Адам досының дінінде болады. Сол үшін әрқайсысыңыз дос таңдағанда аса назар аударсын». Шыны керек қай кезде де ортаның әсері ықпалды болады. Сондықтан, жастар жас шағын бос әрі қор етіп өткізбеу үшін жанұясы, оқитын жері, араласатын қоғамы, өмірдегі достары, қызметтік ортасы секілді мәселелерге мән беруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тәлім-тәрбие, адами құндылық немесе жаманшылық пен азғындық осы ортаға қарай қалыптасады.

АллаТағала Құран Кәрімде:

«Уа мүминдер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйырады(«Тәуба» сүресі, 119-аят).Хадисте де: «Кісі сүйгенімен бірге болады» делінген. Адам біреуді жақсы көргендіктен онымен достыққа барады. Жақсы көрмесе, достық та жоқ деген сөз. Демек, дос жақсы болса, ол ақылшы. Ал, жаман болса ше?! Өміріңнің қорлығы содан басталады. Сол үшін бабаларымыз: «Қазанға жоласаң қарасы жұғады, жаманға жоласаң бәлесі жұғады», «Жақсы дос – басыңа дос, жаман дос – асыңа дос», – деп кесіп айтқан.

Екіншіден, жастық шақта уақыт қымбат

Жастықтың ең қайталанбас кезі – ол бос уақыт. Қасиетті Құранда мүминдердің ерекшелігін былай сипаттайды:

«Олар бос сөз және пайдасыз істерден аулақ жүреді», – деп уақытты тиімді өткізетін мұсылман баласын айтуда («Мүминун» сүресі, 3-аят).

Ал, аятқа сай әрекет жасау көп жағдайда жастық кезеңге тиесілі. Абай атамыз айтқандай «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деген нәрселерден сақ болу үшін уақытымызды пайдалы етіп өткізген жөн. Қоғамымызда тепсе темір үзетін шағында ешкімге пайдасын тигізе алмай, бар өмірін ішімдік, бұзақылық, арсыздық сынды нәрселермен қор етіп жатқандар қаншама?! Сол үшін әрбір мұсылман баласының уақыты, күні, сағаты тиімді жұмсауда жоспарлы болуы қажет. Яғни, уақытын жақсылыққа жұмсаумен жеке басына, отбасына, қоршаған ортасына табыс әкелуі керек.

Үшіншіден, жастық шақта адал мен арамға мұқият болу

Жастар үшін тағы бір ескеретін мәселе, жастық дәуірінен бастап Құдай Тағала харам еткен дүниелердің бәрінен бойын таза ұстауды қатаң талап еткені жөн. Әсіресе, әуесқойлықпен басталатын шылым шегу, ішімдік ішу, зина жасау, құмар ойнау сынды тағы басқа жиіркенішті әдеттер жастық уақыттың қорлығы десек болады. Сондықтан Алла Тағала Құранда: «Зинаға жақындамаңдар. Ол масқаралық, бұзықтық іс», – деп әмір еткен («Исра» сүресі, 32-аят). Алла Тағала аятта «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, түсіне білсек, «Зинаға жақындамаңдар» деу арқылы арсыздықтан алыс болуды бұйыруда. Арсыздық, ұятсыздық жағдай бүгінгі қоғамның үлкен дертіне айналып барады. Некесіз бала, тастанды сәби сынды жағдайлар осы арсыз істің нәтижесі. Сол үшін иманды жас өзіне харам істерді жиіркендіріп, сауап амалдарды жақсы көрсеткені қандай жақсы?! Сонда ғана оның жемісін, нәтижесін көреді.

Әрине, жастық шақтағы жастар үшін айтар өсиет көп. Дегенмен жастық шақта әдептілікке де, тазалыққа да өзін баулуы қажет. Тәкаппарлық, менмендік сынды мінездер кісіліктен алыстатады. Оның орнына ұлылықтың белгісі кішіпейілділік сынды көркем мінезді жанына серік еткен жөн. Күнделікті жай айнаға қарағанда өзімізді түзеп бағатынымыз бар емес пе?! Түр-әлпетіміз бен киімімізде кемшілігіміз болса, қарап отырып түзетеміз. Міне, сол секілді мұсылман мұсылманның рухани айнасы. Бір мұсылман бауырына қараған сәтте оның бойынан бір кемшілік көрер болса, «бұл нәрсе менде де болуы мүмкін» деп өз-өзін көркем мінезділікке әрдайым тәрбиелеуі тиіс.Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман – мұсылманның айнасы. Өзгенің кемшілігін өзінің бойынан көреді», – деп айтқан. Ілім қақпасы атанған хазреті Әли (Алла оған разы болсын): «Ең алдымен өз нәпсіңе, сосын барып өзге адамдарға насихат ет!» десе, ислам ғалымы Имам Шафиғи (Алла оны рақымына алсын): «Өзіңе қатты, өзгеге жұмсақ бол!»– деп өнегелі сөз қалдырған екен.

Білім алу әрбір мұсылманға парыз. Бірақ сол білімді игеруге мол мүмкіншілік беретін кезең – жастық шақ. Білімді игеру кезкелген жаста рұқсат болғанымен жастық шақта алған ілімнің берекесі мол.Абай атамыз:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім,

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім,–деп айтқандай қолымызды кеш сермеп кешігіп қалмас үшін жас кезімізде ілімге мән беріп, ғылымға талпынған жөн.

Қорыта келе, әрбір адам жастық шағын өкінішпен емес, өнегелі жолымен еске алатындай болса, бұл басқа қонған бақыты.

Жаратушыдан берілген жастық шақты дұрыс ғибадатқа (ақыл-ой мен дене ғибадаты) және ізгі амалдарға жұмсау аса маңызды. Жастық шақ – бізді өмірдің негізгі бөлігіне дайындайтын трамплин. Сондықтан жас кезден бастап діннің негіздерін дұрыс үйреніп, оны қалған өмірімізде пайдалана алсақ нұр үстіне нұр. 

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, олар: әділ имам (басшы); Аллаға бойсұнып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт; мешітке жүрегі байланған кісі; бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам; мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі; Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі; жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Сол үшін иманды жан қандай болу керегін сөзі мен ісінің тазалығынан көрсетсе, мұсылман деген пәк сипатына кір жұқтырмаса игі. Ата-ананыңарманы да осы емеспе?!

Мағжан ақын:

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн, –деп кейінгі жастарға үлкен бағыт көрсеткен. Шынында ұрпақтың иманды, таза, текті болуы қоғамның беріктігін одан әрі сақтамақ.

Алла Тағала жүрегі иманмен толысқан, елі мен жеріне шын жаны ашитын жастарымыз көп болуды нәсіп етсін!

Мақсат АЛПЫСБАЙ,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы