Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетіне арнайы келіп, бірқатар іс-шараға қатысты.
Алдымен Бас мүфти биыл бітіруші исламтанушылармен кездесті. Негізгі мақсат болашақ түлектердің ҚМДБ аясында қызмет етуі және оларды жұмыспен қамту мәселелерін пысықтау болды.
ҚМДБ Төрағасы университет ұстаздары мен студенттерін Рамазан айымен құттықтай келе, білім ордасының ел тарихындағы маңызды орнымен қатар Діни басқарманың осы оқу орнының жалғыз құрылтайшысы әрі тікелей қамқоршысы ретінде жауапкершілігін жіті атқарып келе жатқанына тоқталды. Болашақ түлектерге өзінің дінге қызмет жолының қалай басталғаны жайлы ғибратты естеліктерімен де бөлісті.
«Біз оқу бітіргенде «қайда жұмысқа барасың» деп сұрамайтын. Әлі есімде сол кездегі Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Бәрі Алматы, Астанада қалғысы келеді, ауылдағы ағайынға кім қызмет етеді?» деп, бізге дінге қызмет жолында ауыл-аймаққа жолдама берді.
Бас мүфтидің бір ауыз сөзімен барлығымыз шет өңірлерге барып, мол тәжірибе жинап, бүгінде әрбіріміз лауазымды, жауапты қызмет атқарудамыз. Сондықтан түлектер, әсіресе мемлекеттік білім грантпен оқығандардың жолдама бойынша қызмет етулері еліміз, дініміз үшін, өздеріңіз үшін де өте маңызды әрі пайдалы» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазіргі уақытта университеттен кейін өзге салаға кетіп жатқан түлектер көбейгендігіне тоқталған Бас мүфти елімізге жоғары білімді имамдар, ұстаздар, азаншылар, теологтар, т.б. дін қызметкерлерінің қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, студенттермен ашық сұхбаттасып, сауалдарға жауап берді. Жастар да ойларын ашық айтып, болашақ әлеуметтік қолдаулар, әскерге бару мәселесі, уағыз-насихат жұмыстары, т.б. сауалдарына нақты жауап алды.
Өз кезегінде университет ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат биыл оқу ордасынан 250 түлектің бітіріп шығатынын айтып, оларға дін қызметінде сәттілік тіледі. Сондай-ақ бүгінгі кездесуге Діни басқарманың аймақтардағы бас имамдары да арнайы келіп, өз өңірлерінің болашақ түлектерімен жүздесіп, сұхбаттасты.
Бұдан кейін Нұр-Мүбарак университетіне арнайы зиярат барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа оқу ғимаратының құрылысымен танысты. Отандастарымызды жаңа құрылысқа атсалысуға шақыратын бейнебаянға сұхбат беріп, жаңа ғимараттың берекелі болуына ақ батасын берді.