Наурызбай қажы Тағанұлы облыс имамдарына насихат айтты

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Орталық аппарат жиналысы өтті.

Жиынға мүфтияттың басшылық құрамы, бөлім және сектор меңгерушілері, сондай-ақ облыс бас имамдары онлайн байланыс арқылы қатысты. ҚМДБ Төрағасы имамдарға қызметтік этикаға, дін ісінің және жамағатпен жұмыстың жауапкершілігіне тоқталды.

«Имамдық – жауапкершілігі мол, жоғары адамгершілік құндылықтарды талап ететін қызмет. Бұл – Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла тарапынан алып келген аманатын келер ұрпаққа жалғастыратын, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйатын ұлы істің бірі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Имам – басшы әрі қоластындағыларға жауапты» – деген. Әрине, мұндай жауапкершілікті атқару үшін, өз болмысымен үлгі-өнеге болатын, дін ісі мен дүниені қатар алып жүруге баулитын көркем мінез-құлық пен ұстаздық қабілет-қасиеттер, белсенділік пен азаматтық сипаттар имамнан талап етіледі. Имамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбеті бірдей болып бүкіл ісін адалдық, әділдікпен атқаруы тиіс» деді Бас мүфти.

Жиын қорытындысында ҚМДБ Төрағасы дін қызметкерлеріне, облыс бас имамдарына нақты тапсырмалар беріп, руханият ісіне ыждаһаттылықпен қарауға шақырды.