«Нұр» сүресі 31 аяттың тәпсірі

Мүмин әйелдерге де айт: «Харамға көз салмасын! Абыройларын ашпасын әрі зинадан сақтасын!»

Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сұлулығын көрсетпесін әрі орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын. Әшекейлері мен сұлулықтарын күйеулері, әкелері, аталары, ата-анасының ер бауырлары, қайын аталары, өз ұлдары, өгей әрі сүт ұлдары, немерелері, туған ер бауырлары, өгей әрі сүт баырлары, бауырларының ұлдары, әпке-сіңілдерінің ұлдары, арлы мұсылман әйелдер, қызметші не жақсы араласатын әйелдері, күңдері еркектік қабілетінен айрылған еркек қызметшілері мен құлдары және әйел әуретінің не екенін білмейтін жас балалардан өзгелерге көрсетуші болмасын. Жасырын әшекейлері мен сымбатына құмарын оятатын әрекеттерге бармасын. Уа мүминдер! Бәрің Аллаһқа тәубе етіңдер! Сонда ғана мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер!

Мүмин әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! – деген аятты көптеген тәпсіршілер махрам болмаған еркектерге шахуатпен не шахуатсыз болсын қарауға болмайды дейді. Олар дәлел ретінде мына хадисті дәлелге келтіреді. Пайғамбарымыз с.а.у. әйелі Умму Сәләмә р.а. былай дейді: «Мен және Маймуна Пайғамбардың с.а.у. жанында едік. Бізге орамал парыз болғаннан кейін Абдуллаһ ибн Умму Мәктум деген көзі көрмейтін сахаба келді. Пайғамбар бізге ораныңдар,-деді. Біз оның көрмейтінін айтқанда Аллаһ елшісі с.а.у.: Сендерде оны көрмейсіңдерме?» – деді.

Ғалымдардың бір бөлігі егер шахуатсыз болса ер адамға әйелдің қарауға болатынын айтып дәлелге Айша анамыздан риуаят етілген хадисті келтіреді:

«Мейрам күні хабашилер қолына қалқан мен найза алып күресіп жатты. Мен Аллаһ елшісінен с.а.у. оларға қарауға рұқсат сұрадым. Ол мені артына тұрғызды, мен оның иығынан қарап тұрдым, бетім оның бетіне тиіп тұрды. Мен жалыққаннан кейін ол: жетеді ме?-деді. Мен ия дегенде, онда ішке кір!» – деді.

Абыройларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Бұл аятты да ғалымдар түрліше тәпсірлеген. Біреулері үй киімнің сыртынан киетін сырт киім десе енді біреулері сақина мен білезік тағатын қолы мен жүзі туралы дейді. Әбу Әли мен Табари бұл сөздегі мақсат әйелдерге әурет жерлерін жабатын киім киіп бөгде еркектердің назарынан қорғау туралы дейді.

Орамалдарын омырауларына түсіріп тақсын. Бұл аят түскеннен кейін мешіттегі мұхажир, аңсар әйелдері етектерінен мата жыртып бастарына тақты. Бұған дейін де олар бастарына орамал тағатын, бірақ артқа тағатын мойын, кеудесі ашық болатын. Сырға, алқалары көрініп тұратын болған.

Әшекейі мен сымбат-көріктерін көрсетпесін.

Өзіне махрам болмағандарға сырға, алқа тағатын жерлерін көрсету харам.

Арлы мұсылман әйелдер не қызметші, жақсы араласатын әйелдер,-деген аятта өзге дін не дінсіз әйелдерге зейнетімізді көрсетуге тиым салынып тұр. Омар р.а. Әбу Убайда ибн Жаррахқа хат жазып: «Маған келген хабарлардан мұсылман әйелдері мүшрик әйелдермен моншаға баратын көрінеді. Аллаһқа иман келтірген бір әйелге өз дінінен болмаған әйелдің әурет жеріне қарауы харам!» – дейді. Бұл бұйрықта мұсылман әйелге яһуди еркек тарапынан жабылған жаладан кейін болады.

Құлдар сөзін тәпсіршілердің көбі күңдер жанында еркек құлдарда бар екенін және олардың алдында оранудың қажеті жоқ екенін айтады. Бұған дәлел ретінде Әнәс б. Маликтен жеткен хадисті келтіреді. « Аллаһ елшісі с.а.у. Фатимаға сыйлық ретінде бір құл әкелді. Фатиманың үстінде басын жапса аяғы ашылатын, аяғын жапса басы ашылатын көйлегі бар еді. Аллаһ елшісі оның жағдайын көріп, бұл жерде сен ыңғайсызданатын ештеңе жоқ, өйткені мұнда сенің әкең мен құлың бар» – дейді.

Еркек қабілетінен айрылғандардан да сақтанудың қажеті жоқ екенін айтады, алайда Аллаһ елшісі с.а.у. хунса, яғни ер әрі әйел жынысы барларға әйелдердің жанына баруға тиым салған.

Әйел әуретінің не екенін білмейтін балалар.

Бұл жерде балиғат жасына жетпеген балалар туралы айтылады. Бірақ балиғат жасына жақындаған және әйелдерге қатысты мәселелерді түсіне бастаған балаларға әурет жерді көрсету дұрыс емес.

Жасырын әшекей мен сымбатына құмарын оятатын әрекетке бармасын. Исламға дейін әйелдер аяқтарына халхал деген білезік пен моншақ тағатын болған. Жүрген кездерінде даусын шығарып өздеріне назар аудартатын болған. Мұны Аллаһ мүмин әйелдерге тиым салды. Сол сияқты иіс су себіну де осыған жатады. Пайғамбар с.а.у.: «Бір әйел иіс су себініп, иісімді сезсін деп бір топтың жанынан өтетін болса, ол зина жасаған болады.» – деген.

Нұргүл ЖОЛДАСПАЕВА,

Атырау облыстық «Иманғали»

 орталық мешітінің ұстазы