Өзге дін өкілімен некелесудің үкімі қандай?

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау Аллаға тән және оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке оның сәлемі болғай. Ислам шариғатында мұсылман кісінің басқа дін өкілімен некелесуіне байланысты үкімдер қарастырылған.

Алдымен тақырыптың атын не үшін некелесу деп алдық, соған тоқталайық. Некелесу деген сөз қазақта ер адамға да әрі әйел адамға да ортақ қолданылатын етістік сөз. Ал үйлену болса, тек ер адамға, тұрмысқа шығу не тұрмыс құру тек әйел адамға байланысты қолданылатын сөз болғандықтан, екеуіне де ортақ қолданылатын сөз таңдалды. Неке сөзінің өзіне тоқталар болсақ, оның өзі бір кітап болатындай мәліметке тең келетін тақырып. Сондықтан негізгі тақырыпқа кірісіп, басқа дін өкілімен некелесу туралы сөз бастайық.

Өзге дін өкілі деген жалпылай алғанда ислам дінінен бөлек дінді ұстанатын барлық дін өкілдері және соның ішіне әлемнің әртүрлі ұлттары да кіріп кетеді. Бұл турасында исламның негізгі қайнар көзі болған Құран Кәрімде мынадай аяттар кездеседі: «(Уа, мүміндер!) Мүшрік әйелдер иманға келмейінше, олармен некелеспеңдер. Шынтуайтында, мүмін күң өздеріңе ұнайтын басы азат мүшрік әйелден әлдеқайда қайырлы. Сондай-ақ мүшріктер иманға келмейінші, оларға мүмін әйелдерді бермеңдер. Шынында, мүмін құл өздеріңе ұнайтын басы азат мүшріктен әлдеқайда қайырлы. Өйткені мүшріктер сендерді тозаққа шақырады.

Ал Алла болса, Өзінің қалауымен жұмаққа һәм кеңшілігіне шақырады. Сонымен қатар, адамдар ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп, аяттарын ашық баяндайды»1 . Аталмыш аяттан көріп тұрғанымыздай Алла Тағала мүшрік ер және мүшрік әйелдермен некелесуді тек олардың мұсылман болғаннан кейін ғана деген шартпен тыйып отыр. Бірақ та атақты Табари тәпсірінде осы аяттағы барлық мүшрік әйелдер ме әлде олардың кейбіреуілері ғана ма? деген сұраққа, былай деп жауап берілген екен: Аталмыш аятта мүшрік әйелдермен некелесуді бір шартқа байлап, тыйып отыр. Бірақ мұндағы мүшрік әйелдердің ішінен ерекшеленетіндері – тек кітап иелерінің әйелдері. Яғни яхуди және христиан дініндегі салиқалы әйелдермен некелесуге болатындығы туралы Маида сүресінің алтыншы аятында ап-ашық айтылған.

Сонымен қоса алғашқы аяттың Тобари тәпсірінде мұсылман ер кісінің өзге діндегі әйелге үйленуіне және мұсылман әйелдің басқа діндегі ер кісіге тұрмысқа шығуына тыйып жатқанының себебі олар мұсылмандарды Алла тыйған іс-амалдарды істеуге итермелеуі арқылы мұсылман кісілерді өзімен бірге тозаққа итермелегенімен бірдей. Яғни мұсылман кісі үшін істелуі харам болған іс-амалдар басқа дінде харам емес мубах не т.б болуы мүмкін. Сонымен қоса халифа Омар халифалығы тұсында Хузайфа атты сахаба басқа бір өңірде басшылық қызметте болып, сол өңірден яхуди дініндегі әйелге үйленіп, сонымен отбасы құрғанын Омар естіп, Хузайфаға ол әйелмен ажырасуын талап етіп хат жазады. Хузайфа өзге дін, кітап иелерімен үйленуге рұқсат екенін білген соң, таңырқап, «оған үйлену харам ба?», – деп сұраған кезде, Омар – «Кітап иелеріне үйлену харам емес, бірақ та сен басшысың, сол себепті сенің ісіңе басқа да қарапайым мұсылман жұртшылығы еліктеп, елде өзге діндегі әйелдерге үйлену белең алып, соның салдарынан мұсылман әйелдердің тұрмысқа шықпай, отырып қалуынан қорқамын», – деп жауап берген екен. Сол секілді Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) көзі тірісінде де бір сахаба өзінің мұсылман күңіне үйленген кезде, басқа да мұсылмандар күңнің дәрежесін төмен санап, ол сахабаны жазғырған. Сол кезде осы аят түсіп, мұсылман күңнің Алла құзырында мұсылман емес азат әйелден қайырлы екенін дәлелдеп берген2

Фиқх ғалымдары бұл тақырыпқа байланысты бірнеше көзқарастар білдірген. Солардың бірнешеуі былай баяндалады: Алла Тағала Маида сүресінің бесінші аятында кітап иелеріне үйленуге болатындығын айтып, бірақ та бір нәрсені шарт етіп бекітті. Ол шарт – кітап иелерінен болуымен қоса, ол әйелдің пәк, ары таза әрі зина т.б лас амалдардан таза болған арлы әйел болуы.

Яғни яхуди не христиан дінінде де ислам дініндегідей лас амалдарға байланысты тыйымдар бар. Яғни зина жасамау, бөтен кісілермен ашыналас болмау, арақ-шарап т.с.с лас істерден аулақ болуға бұйырады. Ал шынайы кітап иелерінен болған әйел осы ритуалдарға амал еткен болуы тиіс. Сонымен қоса христиан не яхуди болуымен қоса оның қай бағытында болуы маңызды емес. Яғни католик не протестант не ортодоксалды бола ма, айырмашылығы жоқ. Ең бастысы сол дінді мықты ұстанып, діни жоралғыларға амал ететін болуы тиіс, ол діннен шығып не мүлдем дінсіз болып кетпеген болуы керек3.

Мұсылман ер кітап иелерінен болған әйелге үйленсе, оған шіркеу не т.с.с өзінің діни ғибадатханасына баруына және үйде арақ-шарап сақтауына т.б күнәлі істерді істеуіне тыйым салуы тиіс. Бірақ та ол әйелді хайыз, нифастан кейін ғұсыл құйыну не т.с.с ислами міндеттемелерді орындауға мәжбүрлемеуі тиіс. Сонымен қоса алған әйелі алғашқыда христиан болып сосын яхудилік дінге өтсе, немесе осы жағдай керісінше орын алса, ол әйелдің мұсылман ермен болған некесі өз күшін жоймайды.

Ал керісінше алғашқыда кітаби дінінде болып, сосын басқа да мүшріктердің дініне өтіп кетсе, онда ол әйелдің мұсылман ермен болған некесі бұзылады. Бірақ та Әбу Ханифаның пікірінше кітаби әйел собии (кітаби емес бірақ жалғыз құдайға сенетін топ) дініне өтсе де оның некесі бұзылмайды. Сонымен қоса мұсылман ер адам алғашқы некесін кітаби әйелмен қиып, одан кейін екінші әйел алып жатса, ол екінші әйелінің мұсылман болуы алғашқы некеге кедергі келтірмейді және де осы жағдайдың керісінше тұсы да дәл осылай қарастырылады4.

Ибн Аббастың айтуынша кітап иелерінен үйлені үшін мына шарт та орындалуы тиіс: Яғни, мұсылмандардың қол астында өмір сүретін және мұсылмандарға бағынышты болып, мұсылмандарға жизия салғын беріп отыратын кітап иелеріне ғана үйленуге рұқсат. Ал мұсылмандардан алыс болған және өз алдына дербес мемлекет болған елдердегі кітап иелеріне үйленуге болмайды. Ибн Аббастың бұл сөзін Ибраһим Нахаъи да сөзіне тірек еткен5.

Сондай-ақ басқа да мазхаб ғұламалары кітап иелеріне үйленуге болады немесе мүлдем болмайды деп те айтқан. Сарахси Мабсут кітабында: кітап иелерінен болған азат әйелге үйленудің ағаттығы жоқ, – деп айтқан6. Ибн Абидин Хашиясында бұл мәселеге байланысты: мәкрух танзиһи, – деп үкім берген7.

Касани Бадаиъ Сонаиъ кітабында: кітап иелеріне олардың ислам дінін қабылдап қалуы мүмкін деген үмітпен ғана үйленуге болады. Өйткені, олар Алла және оның пайғамбарларына сенеді. Бірақ та олар ислами сенімдік тұрғыдан қарағанда өз сенімдерінде олқылықтар бар. Сондай-ақ оларға сол олқылықтарды түзетуге және сол арқылы шынайы хақ жолды түсініп, ақыр соңында иманға келуіне деген үміт болуы тиіс. Осы жағдайда ғана кітап иелерінен болған әйелдерге үйленуге болады8.

Имам Науаи болса былай дейді: кітап иелерінен болмаған әйелдерге үйлену – харам, ал кітап иелерінен болған әйелдерге үйлену – халал, бірақ та мұсылман емес елдегі кітап иелеріне үйлену мәкруһ9. Ибн Қудама да ғұламалардың көзқарастарын салыстыра отырып, мынадай пікір түйген: ең абзалырағы – кітап иелеріне үйленбеу10.

Сарахси Мабсут кітабында кітап иелеріне үйленудің ағаттығы жоқ екенін Маида сүресінің бесінші аятына сүйеніп айтса, Ибн Хазм Ибн Омардың мынадай сөзін риуаят етеді: кітап иелеріне үйленуге Ибн Омар рұқсат етпеген. Өйткені олар да Аллаға серік қосқандықтан, мүшрік болып есептеледі. Ал мүшріктерге үйлену мұсылмандар үшін – харам. Сондай-ақ Ибн Омардан яхуди не христиан дініндегі әйелдерге үйлену турасында сұралған кезде, ол былай деп жауап берген екен: егер де бір әйел кісі менің раббым Иса деп айтса, мен одан асқан ширкті білмеймін.

Өйткені Иса Алланың құлдарының бірі11. Ибн Аббас кітап иелерінің болған әйелдерге үйленуге болады. Тек олар зинақор, күнәхар емес арлы әйелдер болуы тиіс, – деп айтқан. Сонымен қоса фиқх ғалымдары мұсылман ер адамдарға кітап иелерінен әйел алмауға барынша итермелеп, керісінше мұсылман әйелдерге үйленуге тырысу керек екенін алға тартқан. Оның тағы бір үлкен зияндарының бірі – ер адам түздің адамы болғандықтан, бала тәрбиесі тікелей әйел кісіге байланысты. Ер адам тыста көп жүргендіктен, оның мұсылман емес әйелі, оның балаларын қалайша мұсылманша тәрбилеп шығарады?

Керісінше мұсылман болмаған әйел өз балаларына да ислам дініне қайшы тәрбие беріп, оларға адал мен арамды дұрыстап ұғындырмай, керісінше күпірлік амалдарды үйретуі мүмкін. Немесе балаларын не толыққанды мұсылман емес, не толыққанды христиан емес не т.б. емес етіп тәрбиелеп қоюы мүмкін.

Ал мұсылман емес елдерде, христиан не басқа дінді ұстанатын елдерде кітап иелерінің әйелдеріне үйленудің зардабы одан да көп. Яғни сол елде жүріп, сол елдегі кітап иелеріне үйленген мұсылман ер адам, сол елдің атазаңына бағынуға тиіс болады. Яғни ол елдің заңы бойынша – отбасының барлық мүшесі тең құқылы болып, ер адам үйдің басшысы деген мұсылмандық тәрбие мен түсінік ол отбасыда қалыптаспауы мүмкін.

Сонымен қоса сол отбасыдағы бала тәрбиесі де сол елдің заңына сәйкес, ата-анаға мұсылманша құрмет көрсетпей, өз құқығын талап ету желеуімен бала ата-анаға оңай қарсы шығуға үндейтін іс-амалдарға баруы әбден мүмкін. Осындай мәселелердің туындауына байланысты кітап иелеріне үйленудің үкімі рұқсат болғанымен, көптеген дін ғалымдары бұл мәселеге «мәкруһ» деген үкім берген.

Жоғарыда келтірілген мәселенің барлығы дерлік мұсылман ер адамның өзге дін өкіліне үйленуі турасында болды. Бұл тақырыпты біршама ашуға тырысып, оған байланысты шариғаттың үкімдерін айтып өттік. Ендігі мәселе – мұсылман әйелдің өзге дін өкіліне тұрмысқа шығуы туралы болмақ. Бақара сүресінің 221 аятында айтылғанда сұлу не тектілігімен қызықтырған мұсылман емес азат ерге қарағанда мұсылман құл Алла алдында қайырлы және басқа дін өкілі ислам дінін қабылдамайынша, оның мұсылман әйелге үйленуге болмайтыны айтылды.

Бірақ та мұсылман ер адамға келгенде, мүшриктер туралы, олардың ішінен кітап иелері ерекшеленген болатын. Ал мұсылман әйелдерге келген кезде, олардың ешқайсысы ерекшеленбейді. Өйткені ол тұрмыс құрмақ болған ер кітап иесі бола ма, әлде басқа ма, мұның айырмашылығы жоқ. Өйткені мұсылмандық тәрбие бойынша: отбасында ер адам басшы деген қағидаға қарай, егер де мұсылман әйел ондай топтағы ер кісілерге (мұсылман емес) тұрмысқа шықса, сол отбасыда оның ері басшы болғандықтан, әйелі бағынышты болғандықтан, әйелін өз дініне кіргізіп, не болмаса тым құрығанда исламға жат күпірлік әрекеттерге итермелеп, күнәлі істерді істеуге бұйыруы мүмкін.

Әйел кісі еріне бағынышты болғандықтан, мұндай жағдайда осындай қийындықтарға тап келіп қалу қауіпі бар. Міне сондықтан да мұсылман әйелдерінің өзге дін өкіліне, олар исламды қабылдамайынша, тұрмысқа шығуы үзілді-кесілді – харам, деп есептеледі.

Алла Тағала дәл осы мәселені мына аятында баяндайды: «Уа, иман келтіргендер! Қатарларыңа қосылу үшін (иман айтып) һижрет етіп келген мүмін әйелдерді сынап көріңдер. Алла олардың иманын бәрінен жақсы біледі. Егер сынап көргеннен кейін, олардың шынымен мүмін екендігіне анық көз жеткізсеңдер, онда оларды кәпірлерге кері қайтармаңдар. Бұдан былай олар кәпір күйеулеріне адал емес, кәпір күйеулері де олар үшін адал жар бола алмайды»12. Аталмыш аятта мұсылман әйелдер кәпір ерлерге, кәпір ерлер мұсылман әйелдерге адал емес екені туралы ап-айқын айтылып жатыр. Тобари тәпсірі бойынша осы аяттың тәпсірінде: мәселе Худайбия келісіміне байланысты туындап, сол кезден бастап мұсылман әйелдер кәпірлер үшін адал емес екендігі белгіленген болатын еді13.

Бұл мәселе туралы Ханафи мазхабының атақты фәтауа кітаптарында былай деп айтылған: Мұсылман әйел кісі кітап иелеріне де басқа да мүшрік адамдарға тұрмысқа шығуына болмайды14.

Ахад ҚҰРАЛОВ,

Атырау селолық мешітінің ұстазы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Тобари тәпсірі, Бақара сүресі 221 аят.
  2. Тобари тәпсірі, Бақара сүресі 221 аят.
  3. Адиллатул Ханафия мин ахадис набауия алаъ масаилил фикхия, Мухаммад Қосим Музаффар Фаури, 2 том, 286б.
  4. Фәтәуал Һиндия, Һумам Маулана шейх Низом, 1 том, 310 б.
  5. Адиллатул Ханафия мин ахадис набауия алаъ масаилил фикхия, Мухаммад Қосим Музаффар Фаури, 2 том, 287 б.
  6. Китабу Әл-Мабсут, Әби Бакр Мухаммад ибн Ахмад ибн Әби Саһл Сарахси Әл-Ханафи, 4 том 210 б.
  7. Хашияту ибн Абидин, лиматни Тануирул абсор, Шейх Шамсуддин Тимирташи, 3 том 45 б.
  8. Бадаиъус Сонаиъ фи тартибиш Шараоиъ, Әлауддин Әби Бакр ибн Масғұд Әл-Касани Әл-Ханафи, 3 том 1414 б.
  9. Раудату Толибин, им Нәуауи  7 том, 135-137 б.
  10. Әл-Муғни, ибн Қудама 7 том, 129 б.
  11. Адиллатул Ханафия мин ахадис набауия алаъ масаилил фикхия, Мухаммад Қосим Музаффар Фаури, 2 том, 289б.
  12. Мумтахина сүресі 10 аят.
  13. Тобари тәпсірі, Мумтахина сүреісі 10 аят.
  14. Фәтәуал Һиндия, Һумам Маулана шейх Низом, 1 том, 310 б.