Жала жабу жағымсыз қасиет

         Дініміз Ислам – мейірімділіктің, татулық пен ынтымақтың діні. Біздің дінімізбен де, дәстүрімізбен де мүлде ұштаспайтын дүниелер бар.

Олар: жала жабу, өсек, өтірік, ғайбат атаулы дүниелер. Мұндай тіл кесапаттары салдарынан жақын адамдар бір-бірімен араздасып, арадағы достық қарым-қатынастары қастыққа айналады, адамдарға нақақтан күйе жағылып, қоғамдық байланыс әлсірейді. Осы себепті де жала жабу – дінімізде үлкен күнәлі істерден болып саналады. Халық даналығында да: «Жалада шындық болмайды», «Қаңқу сөздің қоспасы көп», «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?», – деген сияқты т.б. мақал-мәтелдер өте көп.

Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз.

Жала жабудың мынадай бірнеше түрі бар:

Бірінші: Алла Тағалаға жала жабу.

Бұл жаланың ең жаманы әрі ең ауыр түрі. Бұған: Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істерді жатқызған. Құранда:

«Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе

                                                           (Ғанкабут сүресі 68 аят)

Басқа бір аятта:

«Қарамайсыңдар ма! Алланың сендерге берген несібесінен арам, адал жасадыңдар» де. «Сендерге Алла рұқсат берді ме? Немесе Аллаға жала жауып жүрсіңдерме?», – де. Сондай Аллаға өтірік жала жапқандардың, қиямет күні туралы ойы не? Расында Алла, әрине адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ, олардың көбі шүкірлік қылмайды

                                                           (Жүніс сүресі 59-60 аяттар)

Екінші: Алла елшісіне жала жабу.

Жаланың екінші бір жаман түрі – Алла елшісіне жала жабу. Пайғамбарымыздың тірі күнінде мүшріктер оған ақын, бақсы, сиқыршы т.б. түрлі жалаларды жапқанын тарихтан жақсы білеміз. Құранда:

«Ол, бір ақынның сөзі емес. Сендер аз сенесіңдер. Сондай-ақ, ол бақсының да сөзі емес. Аз түсінесіңдер. Ол, әлемдердің Раббысынан түсірілген»

                                                           (Хаққа сүресі 41-48 аяттар)

Басқа бір аятта:

«Күпірлік қылғандар: «Бұл Құран мүлде жасанды. Оны өзі шығарды, оған басқа ел де көмектесті» деп, олар орынсыз жала жапсырды»

                                                           (Фурқан сүресі 4 аят)

Пайғамбарымыздың айтпаған сөзін оның хадисі деу немесе хадистің мағынасын әдейі бұрмалау сияқты істер де жалаға жатқызылады. Бұл жөнінде Әз Пайғамбарымыз  былай дейді:

«Кімде-кім менің атымнан жалған сөз айтса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін!» (Бұхари, Ахмад риуаят еткен)

Үшінші: Адамдарға жала жабу.

Өзге адамның айтпағанын «айтты» деу, істемеген ісін «істеді» деп жалған айту. Мүмін адам өзге біреуді дәлелсіз жамандаудан, кемшілігін іздеуден барынша сақ болуы қажет. Өйткені, өзгенің кемшілігін айтқан адамға арнайы сауап жоқ. Керісінше жалғаншы адамның ауыр күнәға бататыны сөзсіз. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбар :

«Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар», – деген. Сонда: «Олар не?» – деп сұрағанда, Ол :«Аллаға серік қосу, сиқыр, Алланың тек ақиқаттан өзге жағдайда өлтіруіне тыйым салған жанды нақақтан өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда артқа қашу, ештеңеден қаперсіз, бейкүнә мүмін әйелдерге жала жабу», – деген» (Бұхари, Мүслим риуаят еткен)

Қоғамда жала жайылмас үшін мұсылман адам мына амалдарды орындауы қажет:

– Жала жабушының сөзіне сенбеу. Құран аятында былай деліген:

«Әй мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер»

                                                                               (Хужурат сүресі 6 аят)

Бесінші әділетті халифа деген атпен танымал Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлде бір адам жөнінде жаман сөздерді айта бастайды. Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң: «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар», – деген аятта айтылғанындай пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса: «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)»”Қалам сүресі 11 аят», – делінген адамдардансың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын» – дейді.

          Жала жабушыға насихат айтып, ақ пен қараны таныту. Жала жабу – адамдар арасын алыстатып, береке мен бірлікке сызат түсіретін, бейкүнә адамды өзгеге жаман етіп көрсететін күнәлі істерден. Мұндай сөздерді айтушыға мұсылман адам жұмсақтықпен насихат айтып, жақсылыққа шақыруы тиіс.

          – Жала жабылған адам турасында жаман ой ойлаудан сақтану. Өзгенің

сыртынан ешбір дәлелсіз айтылған сөздер арқылы әлде біреу турасында жаман ой ойлауға, күмәндануға, оны жек көруге болмайды. Құранда Айша анамызға  жабылған жаладан кейінгі түскен аятта:

«Егер оны естіген сәтте: «Бұны біздің айтуымызға болмайды. Алла сақтасын. Бұл бір ірі жала» деген болсаңдар еді» (Нұр сүресі 11-16 аяттар) – делінеді.

Бір ғалым өз сөзінде: «Егер қандай да бір мұсылманның жаман ісі туралы хабар естісең, оған жетпіс түрлі ақтау ізде. Егер жетпіс түрлі ақтауды қабылдай алмасаң «Әй менің жүрегім! Не деген қатты жүрек едің», – деп өзіңнің жүрегіңді айыпта», – деген екен.

Жала ретінде айтылған сөзді таратпау. «Ауруда – шаншу жаман, сөзде – қаңқу жаман» делінгендей, дәлелсіз айтылған жала сөз қаңқу сөзге жатқызылады. Мұсылман адам әр сөзін сөйлемес бұрын, онда қандай пайда не зиян бар екендігін ойлап барып сөйлейді.

Алла Тағала баршамызды береке-бірлігімізге сызат түсіретін өсек, өтірік, ғайбат, жала сынды сөздерден аулақ етіп, елімізге амандық, жерімізге тыныштық нәсіп етсін! Әмин.

Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,

Сұлтан Бейбарыс мешітінің наиб имамы.