Барлығы 25: Атырау облысында мешіттердің нақты қай ауылдарда салынатыны белгілі болды (+ ФОТО)

Алдағы жылдары облыс аумағында демеушілер тарапынан 25 мешіт салынады. Оның ішінде мешіттер негізінен аудандардағы шалғай ауылдарды қамтиды.

Бұл туралы орталық «Иманғали» мешітінде Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының кәсіпкерлермен кездесуі барысында айтылды.

Мәселен, Қызылқоға ауданында 8 мешіт салынады.

«Құлшылық үйлері Жангелдин, Жантерек, Қарабау, Жасқайрат, Қоныстану, Жамансор, Тасшағыл және Қаракөл ауылдарында тұрғызылады деп күтілуде. Исатай ауданы бойынша Зинеден, Тұщықұдық ауылдарында мешіт салынады. Махамбет ауданында Алға, Ортақшыл ауылдары мешітпен қамтылады.

Индер ауданында Бөдене, Өрлік, Елтай ауылдарына мешіт тұрғызылады, Құрманғазы ауданында Құрманғазы, Ақкөл, Шортанбай және Сафон ауылдарына мешіт салынады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Атырау қаласы маңындағы бірқатар ауылдарға мешіт тұрғызу жоспарда» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Демеушілермен кездесуде Бас имам мешітпен бірге, имам үйі, асхана және тахаратхана салынуы қажет екендігін айтты. Және құлшылық үйлерінің сәулетін қазақы нақышта безендіруге назар аударуға шақырды.

Қазіргі уақытта тұрғызылатын мешіттердің орналасатын орны белгіленіп, мүфтияттан рұқсатнамасы алынған. Енді демеушілермен арада келісім, өзге де құжаттар реттелу үстінде. Және 10 мешіттің қазықтары қағылды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.