Оралдықтар үш аптадан бері тұрмысқа қажетті әртүрлі заттар жинап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Достық» қазақ-вайнах клубы жеті жылдан бері волонтерлік қызметпен айналысып келеді. Жастар көктемде су тасқыны кезінде қиналғандарға көмек көрсетсе, бүгінде аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға қол ұшын созуда. Түркия мен Сириядағы соңғы оқиғалар да олардың назарынан тыс қалмады.
«Түркия мен Сирияда жер сілкінісі болған кезде біз бірден Қазақстанның басқа қалаларынан келген еріктілер мен қоғам қайраткерлерімен, сондай-ақ Астанадағы фронт-офиспен байланысқа шықтық. Үкіметіміз қаражатпен бірге азық-түлік, заттар мен құрылыс материалдарын жинауға кірісті. Оралда бұл қозғалысты мен басқардым», – дейді «Достық» клубының төрағасы Талғат Чудобаев.
Заттар мен бұйымдарды жинау үшін бөлме қажет болған, оны «Юность» стадионының басшылығы қамтамасыз еткен. Оралдықтар үш апта бойы қолдарында барын ұсынды. Осы уақыт ішінде бес тонна жүк жиналды, оның ішінде балаларға арналған қысқы аяқ киімдер мен сырт киімдер, әйелдер, ерлер киімдері, төсек-орын, азық-түлік, құрылыс материалдары, өзге де керек-жарақтар бар.
«Біздің тұрғындар сондай жанашырлық танытуда. Осындай сұмдық жағдайға тап болған адамдарды танымайтындығымызға, Түркия мен Сирияның бізден алыстығына қарамастан, батысқазақстандықтар игі істен шет қалмады. Оған қоса, бір миллион теңге жинадық, оны арнайы есепшотқа аударамыз», – деді Талғат Чудобаев.
Үш апта бойы «Орал жастары», «Ақжайық жастары», «Ассамблея жастары» ұйымдарының еріктілері таңғы 9.00-ден, кешкі 21.00-ге дейін екі ауысыммен жұмыс істеді. Оларды облыс орталығындағы кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар ыстық тамақпен қамтыды.
Дереккөз: Kazislam.kz