Құс етін өндіру бойынша Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорын «Макинск құс фабрикасы» «ҚМДБ халал» стандарты бойынша сертификатталды.
Сертификат табыстау рәсіміне «Aitas meat distribution» компаниясының директоры Қайрат Тасқалиұлы, Бас мүфтидің кеңесшісі Балтабай Уәжитұлы және «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы қатысты.
Макинск құсфабрикасы – «Aitas» компаниясының ұзақ мерзімді жоспары негізінде құрылған, еліміздің солтүстігі Бұланды ауылында орналасқан кәсіпорын. Жылына 60 мың тонна құс етін өңдеуге қауқарлы құс фабрикасының өнімдері отандық нарықтың 22%-ын қамтиды. 1370 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, 2030 жылға қарай өндіріс көлемін 350 мың тоннаға өсіру жоспарлануда.
Макинск құс фабрикасында инкубатор, құс қорасы, бройлер учаскесі, құс етін қайта өңдеу зауыты, компост алаңы, жем өндіретін цех секілді бірнеше өндіріс алаңы бар.
Кәсіби технолог және шариғат мамандарының қатысуымен осы өндіріс алаңдарының барлығында бақылау-қадағалау шаралары жүргізілді. «Макинск құс фабрикасында» құстың жем-азығынан бастап, бауыздау, құс етін өңдеу, өндіру, дайындау, сақтау, тасымалдау процесстерінің шариғат және халал стандартқа сәйкес болуы тексерілді.
Нәтижесінде «Кус Вкус» сауда белгісімен шығарылатын 44 түрлі өнім «Мал бауыздау және ет өңдеу», «Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы стандарты» бойынша сертификатталды.