Париж төріндегі Паралимпиада: Дүбірлі дода басталды

Франция астанасы Париж шаһарында XVII Паралимпиада ойындары ресми түрде жалауын желбіретті.

28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында 22 спорттан 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл ретте, 167 делегация қатарында 4400 спортшы жүлдеге таласады. Олардың қатарында 44 қазақстандық бар.

Дүбірлі доданың шымылдығы Париждың жүрегі саналатын әйгілі Champs-Élysées бульвары мен Place de la Concorde алаңында ашылды. Бұл орындар Францияның тарихы мен мәдениетінің символы ретінде аса танымал. Содан болар, Паралимпиада ойындарына жолдама алған спортшылар мен бапкерлерді, меймандарды қарсы алуға арнайы таңдалған.

Параолимпиада ойындарының ашылуына Франция президенті Эмманюэль Макрон және халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс қатысты.