Жылдағы дәстүрге сай Президент Жолдауын көріп шықтым. Елдің экономикалық өсуі, халықтың әл-ауқаты, білім мен ғылым, тұрақтылық, тіл мен дін мәселелері орынды қозғалды.
Ислам бейбітшілік діні екені баршаға белгілі. Біреуді ұлтына, нәсіліне, байлығына қарап алаламайды. Мемлекет басшысы да бұл жолғы Жолдауында ұлтаралық тұтастық, этносаралық бірлік туралы терең айтты. Жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстан үшін бұл маңызды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының елде бір ғана тіл бар ол қазақ тілі, осы ана тілдің аясында даму қажет, білім мен ғылым, жаңа технологияға қазақ тілі де бейімделіп, өз тілімізді барынша қолданысқа енгізу қажеттігі тұр деді. Дінімізде әрбір мұсылман ер мен әйелге білім алу парыз делінген. Осыған сай Президент жаңа мамандықтарға ерекше ден қойып қазіргі індет кезінде сұранысқа ие болған ІТ мамандықтарын дамыту керектігін алға тартты.
Сондай-ақ ұстаздардың біліктілігі, оқушылардың мектепті тастап кетпей оқуын аяқтауы, ауыл халқының жағдайын жақсарту, медициналық көмектердің көбеюі мен төменгі айлық мөлшерінің артуы да Жолдаудағы қуантарлық жағдай.
Педагогтардың жалақысы үш жылда 25 пайызға артып, 2025 жылға дейін тағы да 1 мың мектеп саламыз деуі мұғалім мәртебесінің өсе беретінінің дәлелі.
«Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда.
Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады. Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру» деген сөзінен қазіргі жастарға бағыт бағдар, тәрбие беру тұрғысында алдыңғы толқынның орны бөлек екенін меңзейді.
Интернеттің игілігі өз алдына, бірақ тәрбие мен тағылым үйдегі үлкендерден. Қазақ мұндайда қарты бар қазыналы үй демей ме?Мемлекет басшысы радикализмнің кез келген формасына тосқауыл қойылатынын айтып, адамды тіліне, ұлтына нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз деді. Ислам діні адам баласын балағаттау, ғайбаттауға, кемсітуге қарсы. Сондықтан бұл ретте радикалды көзқарастағы ұстаным бізге жат дегенді аңғартады.
Қазіргі құбылмалы кезеңде халықтың еңсесін тіктеп, алға жылжуына жағдай жасайтын мемлекеттің алып күші осы Жолдаудың өн бойынан сезіліп тұр. Ақжолтай жаңалықтар көп болсын! Жолдау жалаң сөз емес, оны Президент тапсырмасы ретінде орындалуын күтеміз.