amin.kz/ 14 сәуір, 2020 жыл. Қызылқоға аудандық орталық мешітінің ұйытқы болуымен шалғай аймақта қайырымдылық шаралар легі жалғасын тапты.
«Біз жұма сайын «Қайырымдылық – қадірлі іс» ізгілік эстафетасын жалғастырып келеміз. Ондағы мақсат түсінікті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық жасау арқылы, мұқтаждарға демеу болуды негізгі жұмыс бағыты етіп қойған еді. Ал, елімізде төтенше жағдай орын алғалы бері «Қайырымдылық керуені» жобасы талай жүректерге үміт сыйлап келеді.
Біз де «Қызылқоға құтты мекенім» қайырымдылық қорымен ұйымдаса отырып, мұқтаж жандарға қолдау беріп келеміз. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Садақа беруде асығыңыздар, өйткені, жамандық садақаның алдына өте алмайды» деп өсиет қалдырған» дейді Қызылқоға ауданының бас имамы Мұрат Сұлтанов.
Қайырымдылық эстафетасы бұл жолы Жангелдин, Қызылту, Комсомол, Тасшағыл және Миялы ауылдарын қамтыды. Еріктілер аталмыш ауылдардағы жалғыз басты, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.