Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен мүфтият жанынан Мүфтилер алқасы құрылды.
Жиынға мүфтиятты әр жылдары басқарған Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз қатысты.
Жиынды ашып, сөз бастаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде ақылдасу ісінде береке бар екенін айтып өткен.
Мүфтилер алқасын құрудағы мақсатымыз – сіздердің діни саладағы мол тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңізді ескере отырып, Діни басқарма жұмысын жетілдіру, мұсылман жамағатының рухани бірлігін нығайту, дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, еліміз бен жеріміздің рухани дамуына үлес қосу. Алла Тағала ортақ мақсат жолында өнімді еңбек ете беруді нәсіп етсін» деді.
Осыдан кейін Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз Мүфтилер алқасын құру бастамасының маңыздылығы жайлы оң пікірлерін білдіріп, жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, халықтың рухани бірлігін арттыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу т.б мәселелер туралы ойларын ортаға салды.
Басқосу соңында Діни басқарманы ұзақ жылдар басқарған марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлінің рухына арнайы Құран аяты бағышталып, дұға жасалды.