2023 жылы қажылық маусымында қазақстандық қажыларды тасымалдайтын әуе компанияларын таңдау мақсатында конкурс ұйымдастырылған болатын.
Жыл басында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Сауд Арабиясы Корольдігіне сапары барысында Қажылық және ұмра министрімен кездесіп, қажылық бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында бірқатар кездесулер өткізген еді.
Атап айтқанда, әуе тасымалының бағасын төмендету бойынша нақты шаралар қабылдау бойынша талап, тілектерін жеткізді. Нәтижесінде қажылық маусымында әуе тасымалын атқаратын шетелдік және отандық әуе компанияларды таңдау мүмкіндігіне қол жеткізілген болатын.
Жарияланған конкурс бойынша қорытынды жиынға биылғы жылы қажылық орындарына ие болған отандық 18 туроператор басшылары арасынан тәжірибелі деген 4 туроператор дауыс беру арқылы таңдалып, комиссия құрамына енгізілді.
Комиссия мүшелері конкурсқа қатысуға өтініш білдірген Кувейттің «Jazeera», Біріккен Араб Әмірлігінің «Air Arabia», сондай-ақ Сауд Арабиясының «Flynas» және түркиялық «Turkish Airlines » әуе компаниялары өкілдерімен кездесіп, әуе тасымалының қажылар үшін тиімді бағасы мен сапалы қызметін таңдағанша келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.
Осы орайда САК Қажылық және ұмра министрлігі тарапынан ең тиімді әуе компанияларын таңдау бойынша қандай да бір шектеулер жоқ екенін еске сала кеткен жөн.
Ал жақын күндері арнайы құрылған комиссия мүшелері қажылар тасымалы үшін тиімді бағаны ұсынған әуе компаниясы таңдайды деп күтілуде.