Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық санақты белгіленген мерзімде сапалы өткізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тағы бір өзекті мәселе, биыл күзде елімізде үшінші Ұлттық халық санағы өтеді. Бұл санақ індетке байланысты күрделі кезеңде өтетін болды. Сондықтан Үкіметке, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұлттық санақты белгіленген мерзімде сапалы өткізуді тапсырамын. Бұл ретте, санақ жүргізетін қызметкерлердің бәрі вакцина алып, қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс», – деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Айта кетейік, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші ұлттық санақ 2019 жылы өткізіледі деп жоспарланғанымен, 2021 жылы дәстүрлі және онлайн форматта өтеді. Онлайн санақ 2021 жылдың 1 қыркүйек пен 15 қазан айында Sanaq.gov.kz сайтында өткізіледі.
1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде өздігінен сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болады. Жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді болады, респонденттер санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады. Одан басқа, «Egov» платформасында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы және «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы санақтан өтуге болады.
Ал дәстүрлі ұлттық санақ онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар үшін 1-30 қазан аралығында өтеді.