amin.kz/ 26 сәуір, 2020 жыл. Қасиетті Рамазан айы басталғалы бері Атырау мешіттерінде қайырымдылық істер легі артуда.
Рамазан айының құрметіне Атыраудағы 200 отбасына азық-түлік купондары үлестірілді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жұртшылыққа үндеу жасаған еді. Яғни, Бас мүфти қазіргідей қысылтаяң жағдайда көбірек ізгі істерді жасауға шақырды.
Иә, мешіт есіктері жабылғанымен, сауап есіктері жабылмайды. Осы айда адам баласы жан-жақты жақсылық жасауға тырысады. Біз де демеушілердің көмегімен ауызашарға қажетті азық-түлік алатындай купондарды таратып отырмыз.
Алла құлшылықтарымызды қабыл еткей» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Әрқайсысы 5000 теңге болатын купондарды алған адамдар өзіне қажетті азық-түліктерді «Лидер», «Идеал» әмбебап маркеттерінен таңдап ала алады.
Жалпы құны 1 миллион теңге болатын азық -түлік купондарын атыраулықтарға орталық «Иманғали» мешіті жанынан ашылған «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталығының еріктілері үлестірді.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.