Садақа беру – бақытқа жетудің жолы

Асыл дініміз кез-келген мәселеге аса бір мұқияттылықпен қарайды. Сондай мәселелердің бірі-садақа беру.

Садақа берген адамның күнәсі кешіріліп мол сауапқа кенелетіні хадистерде айтылады. Әлбетте жағдайы бар адам ғана басқа бір адамға жәрдемші бола алады. Құранда жаратушы Аллаһ «Байлықты да сынақ ретінде беретіндігін» баяндап береді. Яғни қолында мал-мүлкі бар мұсылман малынан зекет беруге одан қалса садақа беруге құлықты болады. Садақа әлбетте адамның өз еркіндегі іс, алайда оны жасаса әжір сауапқа қарық болатындығы ақиқат.

Хадис – хабарлардың бірінде «Байдың малында кедейдің де үлесі бар» делінеді. Демек осы сөзден түсінетініміз мыңғырған мал болып, немесе алтыны болған кісі ол тек қана маған тиесілі деп емес, бәлкім бұл дүниенің жұмсалатын орны бар деп өмір сүргені әлдеқайда қайырлы болмақ.

Осы мақсатта пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Берген қол алған қолдан қайырлы, күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан қайырлы». Аталмыш хадистен түсінгеніміздей қолында байлығы болып оны мұқтаждарға берген кісінің даулеті ортаймай керісінше одан сайын артатындығы баяндалып отыр.

Сахабалардың ішіндегі ең шыншылы  хазіреті Әбу Бәкір өзінің бар дүниесін Аллаһ жолында садақа қылатын. Әйтсе де ол бұл ісіне еш налымайтын. Керісінше Аллаһқа тәуекел ететін. Ал Аллаһ табарака уа тағала оның дүниесін кеміткен емес. Аллаһ тағала құранда: «Шүкір етсеңдер арттыра беремін» немесе «Шайтан сендерді кедейшілікпен қорқытады» деген аяттарды баяндайды.

Иманы мықты мұсылманның амал жасауына осы аяттар жеткілікті болары сөзсіз. Адам садақа бергенде шайтан ой салып азғырады екен де, сөйтіп мол сауаптан қағады екен. Алайда Аллаһқа тәуекел еткен, сауабын үміт еткен құл бұндай азғыруға түспесі анық. Егер саған Аллаһ дүние мүлікті берсе, ойлама сені артық еткеннен берді деп керісінше ол дүние сен үшін сынақ.

Сен сол дүниемен сауапты амал атқарсаң әлбетте сынақтан аман – есен өтерің кәміл. Ақыретте де абыройлы болып, мәңгілік бақытқа жетері анық. Ендеше бәрімізге Аллаһ ынсап, қанағат, шүкірлік берсін.

Самат КҮБІРБАЕВ,

«Доссор мұсылмандар» мешітінің азаншысы.