ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Атырау облысына сапары аясында Атырау қаласындағы Құран жаттау және діни сауат ашу орталығында болып шәкірттерге насихат айтты.
Наиб мүфти Құран оқудың және жаттаудың сауаптарына тоқталды. «Бастаған ілімдеріңізді соңына дейін шыдамдылықпен аяқтаңыздар. Құран оқыған адамның өмірі нұрлы әрі берекелі болады. Баршаңызды еліміздің дамуына еңбек етуге шақырамын» деп атап өтті наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы.
Сондай-ақ, орталықтың ұстаздарына ризашылығын білдіріп, Алла разылығы үшін жасап жатқан қадамдарына сәттілік тіледі.
Еске сала кетелік, Атырауда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы қатысуымен «Иманғали» мешітіне қарасты Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы ашылды.
Ғимаратта асхана, жатақхана, ұстаздар бөлмесі, қонақ бөлмесі және дәрісхана бар.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.