Сенат төрағасы қуаңшылыққа байланысты мәселе көтерді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елді алаңдатып отырған өңірлердегі қуаңшылық мәселесіне назар аударып, Ауыл шаруашылығы министрлігін бұл түйткілді шешу үшін белсенділік танытуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы облысына жұмыс сапары барысында шаруалармен кездескен Сенат спикері қазіргі таңда еліміздің кейбір аймақтарында құрғақшылық белең алғанын, соған байланысты жергілікті шаруашылықтар айтарлықтай зардап шегіп отырғанын айтты.

Ол бұл проблемаға Мемлекет басшысы да назар аударып, оны жедел шешу үшін тиісті органдарға нақты тапсырмалар бергенін тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің соңғы отырысында мал шаруашылығына айтарлықтай салдарын тигізіп отырған қуаңшылық мәселесіне назар аударды. Қазіргі таңда бұл – бүкіл елді алаңдатып отырған проблема. Сондықтан тиісті Министрлік осы мәселені шешу үшін бар күш-жігерін жұмсауы керек. Бұл жолда жүйелі қадамдар қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жедел түрде ахуалдың салдарын талдап, жағдайды жан-жақты сараптап, мәселені шешу жолдарын ұсынуға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар палата төрағасы сенаторлар ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту, ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін де жиі көтеріп келе жатқанын атап өтті.

Ол былтырғы бюджеттің орындалуы туралы Үкіметтің есебін қарау кезінде Сенат депутаттары аграрлық саланы қаржыландырудағы олқылықтарға назар аударғанын айтты.

«Ауыл шаруашылығындағы негізгі мәселелердің бірі саланың толық қаржыландырылмауы болып отыр. Мысалы, 2020 жылы аграрлық секторға жоспарланған қаражаттың жартысынан астамы ғана бөлінген», – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ, Алматы облысының шаруаларымен кездесуде қуаңшылық мәселесін шешуде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі, мұндай төтенше жағдайға дайындық әрдайым басты назарда болу керектігі айтылды.