Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына осымен екінші мәрте жұмыс сапарымен келді.
ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің кезекті отырысы Бас мүфти төрағалығымен Атырауда тұңғыш рет өтті.
Ғұламалар кеңесінің кезекті ХХІХ мәжілісінде 4 концептуалды құжат пен 5 пәтуа талқыланды. Атап айтқанда, «Үздіксіз білім беру» тұжырымдамасы, «Мұсылманның ғаламтордағы келбеті», «Исламдағы жастардың тұлғалық бейнесі», «Зекет жинау мәдениеті» сынды құжаттар мен «Екпе егу үкімі», «Төлем карталарын қолдану үкімі», «Сақтандыру қызметі үкімі», «Баланы қамқорлыққа алу үкімі» секілді пәтуалардың жобасы қаралып, қабылданды.
Атырау облысына жұмыс сапары аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы барды. Ондағы көне жәдігерлермен танысып, ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды дәріптеуде еңбек етіп отырған музей ұжымына бата берді.
ҚМДБ төрағасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жергілікті департаментінде мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, уағыз айтты.
Сапар аясындағы ерекше оқиға – жаңа мешіттің іргетасының қалануы болды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірге Еркінқала ауылынан тұрғызыла бастаған 500 орындық мешіттің іргетасын қалады.
Және Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде әйел жамағаты арасында өткен Құран жарысының жеңімпаздарын марапаттап, мұқтаж отбасылар үшін өткен қайырымдылық акциясына қатысты.
Атырау облысында жеті жылдан астам уақыттан бері ұстаздық етіп, нәтижелі еңбек етіп жүрген облыс орталығындағы «Әт – Тақуа» мешітінде имамдық етіп келе жатқан жеті баланың әкесі Өсімхан Тілеуовке үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыс етті.
Бұл ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Атырау облысында тапсырылып отырған 20-шы баспана.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Атыраудағы «Сұлтан Бейбарыс» мешітінде 100 отбасыға қайырымдылық жасалды.
Жалпы салмағы 2 тонна болатын азық-түліктен әр шаңыраққа 20 келіден пакет табыс етілді. Бұл жыл басынан бері облыс мешіттерінде жасалып отырған 12-ші қайырымдылық акциясы.
Сондай ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы » Халық арна» каналының Атыраудағы филиалы студиясында сұхбат берді.
Филиал студиясы төрт блоктан тұрады. Арнайы жасақталған студиялар телевизиялық хабарлар, рухани сұхбаттар, түрлі форматтағы түсірілімдер жасауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, былтыр ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мүфтият жанынан «Халық арна» телеарнасы ашылған болатын. Бүгінгі таңда телеарна «Отау ТВ», «IdTV» кабельдік желілері арқылы хабар таратып келеді.
Бас мүфти орталық «Иманғали» мешіті жанынан Қайырымдылық мекемесін ашты. Онда мұқтаж отбасыларға сортталып, тазаланған киім-кешектер үлестіріліп отырады.
Тағылымға толы Бас мүфти сапары облыстың рухани өміріне ерекше серпін бергені анық.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.