amin.kz/6 наурыз, 2020 жыл. Соғыс ардагері Орынғали Қарасаевтың пікірінше, «күзеттің» форматын өзгертетін уақыт жетті. «Бай болсын, қара болсын, митингтің еш қажеті жоқ.
«Уағыз-насихат, марқұм туралы жақсы сөздер, шариғатпен байланысқан мазмұнды әңгімелердің барлығы күзет басында айтылуы тиіс. Бұл жұмысқа жергілікті ішкі саясат басқармасы да араласуы керек. Өйткені, мұндай күрделі мәселеде халықтың бір болғаны маңызды.
Сонымен бірге, мешіттер жанынан әйелдер мен ерлерді пәктейтін арнайы орындар ашсақ жаман болмайды. Өйткені, қазір марқұмды пәктеуге кіретін адамдар да азайып бара жатыр. Егер осы олқылықты мешіттер жанынан ашылған арнайы орындар есебінен реттейтін болсақ, шариғатқа томпақ нәрселерден қашық болар едік.
Үшіншіден, бейіттердің эстетикалық тұсына да маңыз беру керек. Ағаш, гүл егіліп жатады. Бірақ, оны суғаратын су болмайды. Көкпен тірескен күмбездер емес, қарапайым төрт құлақты бейіттерімізді салсақ деймін. Және бейіттер көп жағдайда ретсіз орналасады. Ендігі жерде қауымдарды қамқорлығына алған кәсіпкерлер бейітке барар жолдарды да қарастырып, қорымдардың орналасу ретіне назар аударуы тиіс. Және арнайы садақа жасайтын орындар ашылуы керек. Әйтпесе, арақ-шарап ішілген мейрамханаға сәлден соң садақа жасап, Құран оқыту аса бір әдепке жата қоймайды» деп нақтылады сөзін Ұлы отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаев.
Еске сала кетелік, Атырауда аймақ имамдары, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері жаназа және жерлеу рәсімдері кезіндегі ысырапшылдықтан арылуға шақыратын Үндеу қабылдады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысы Сансызбай Құрбанұлы, Атырау облысы дін істері басқармасының өкілі Қаһарман Рахметұлы арнайы қатысқан алқалы жиынды Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жүргізді.
Қала, аудан имамдарының қатысуымен өткен мәжіліске Ұлы Отан соғысының ардагерлері Айдын Айбаров, Орынғали Қарасаев, мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев, Атырау облысы соғыс және еңбек ардагерлері төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері төрағасы Әліпқали Бекеш, белгілі меценат, дін жанашыры Төкен Жұмағұлов құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.