Ардақты елші, хазреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) өмірі – Ислам тарихындағы ең маңызды және жүрекке жақын кезеңдердің бірі.
Оның соңғы намазы мұсылмандар үшін ерекше орны бар сәт, себебі бұл оқиға ұлы пайғамбардың осы дүниедегі соңғы сәттерін қамтып, оның соңғы өсиеттерінің бірі ретінде сақталған.
Соңғы намаз және ақырғы сәттер
Алла Елшісі (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) қайтыс болардан аз уақыт бұрын қатты ауырған болатын. Сол уақытқа дейін намазды үнемі өзі имамдыққа шығып өткізетін.
Алайда соңғы күндерінде ауыруы күшейіп, намазға тұруы қиындай түсті. Пайғамбарымыздың (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) соңғы күндеріндегі денсаулығы әлсіз болғанымен, ол өзінің міндеттерін орындауға деген құлшынысын жоғалтқан жоқ.
Осының дәлелі ретінде соңғы сәттеріндегі намазына деген ұқыптылығын атап өтуге болады.
Мұхаммед пайғамбарымыз (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) өзінің өмірден өтуінің жақындағанын білген кезде сахабаларына көптеген насихаттар айтты. Ол үмметінің әрдайым Алланың жолында болуын, бірлікте және татулықта өмір сүруін өсиет етті. Намаз туралы айрықша ескертті, оны ешқашан қалдырмау керектігін айтты.
Соңғы намазы кезінде Пайғамбарымыздың жағдайы өте ауыр болатын. Ол намазды сахабаларына өздігінен бастап оқи алмайтынын сезінді, сол себепті Әбу Бәкірді (Алла ол кісіге разы болсын) намазды жүргізуге тапсырды.
Бұл жағдай мұсылман қауымын одан сайын уайымға батырды. Әбу Бәкір (Алла ол кісіге разы болсын) пайғамбарымыздың (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) бұйрығын орындап, имамдыққа шықты, ал Пайғамбарымыз (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) оның жанына отырды.
Ол ауыруына қарамастан, намазға деген беріктігі мен ниеті бүкіл үмметке үлкен сабақ әрі ерекше тәрбие ретінде есте қалды.
Алланың сүйіктісінің соңғы сөзі
Алла Елшісінің (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) соңғы намазы арқылы мұсылман үмметіне қалдырған үлкен өсиеті — намазды тәрк етпеу. Оның жан тәсілім алдындағы соңғы сөздері де осыны айқындайды. Алла Елшісі (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) өз өмірінің соңғы демдерінде: «Намазға, намазға көңіл бөліңдер!» деп қайталап айтқан еді.
Пайғамбарымыздың (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) соңғы намазынан мұсылмандар үшін өте маңызды рухани сабақ алуға болады. Оның соңғы өсиеті әрбір мұсылманның жүрегіне терең сіңуі тиіс: намаз — біздің Аллаға жақындығымыздың негізгі тірегі. Пайғамбарымыз (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) өзінің соңғы демінде де осыны өсиет етіп, бізге Алламен қарым-қатынасымызды ешқашан үзбеуді үйретті.
Ибн Масғұд (Алла ол кісіге риза болсын) ардақты елшімен қоштасар күн жақын қалғандағы болған жағдайды былай деп баяндайды: «Алла елшісінің (салла Аллаһу алейхи уә сәлләм) мәңгілікке сапар шегетін уақыты жақын қалғанда біз Айшаның (Алла ол кісіге разы болсын) үйіне жиналдық.
Ардақты пайғамбарымыз (салла Аллаһу алейхи уә сәлләм) бізді көріп, көздері жасқа толып:
«Сіздерге Алланың мейірімі болсын. Қош келдіңіздер! Барлықтарыңызды Аллаға бағынуға және Одан қорқуға шақырамын. Расында сіздермен қош айтысып, Алла Тағалаға қайтатын әрі Жәннәт әл- Мауаға баратын күн жақындап қалды.
Сол күн туып, мен жан тапсырған кезде менің денемді Әли жусын және оған Әл-Фадл бин Аббас пен Усама бин Заид су құйып көмектессін. Одан кейін маған өз киімімді кебін қылып соған ораңыздар, ал егер қаласаңыздар, Йеменнің ақ матасына орасаңыздар да болады.
Мені жуып, кебіндеп болған соң денемді қабірімнің шетінде тұрған кереуетке қойып, бір сәтке қалдырыңыздар. Себебі, ол кезде үйге Жәбірейіл, одан соң Микаил, Исрафил, сосын Әзірейіл (алейһимуссәләмдар) әскерлерімен, одан кейін барлық періштелер бірінен соң бірі келіп жаназа намазын оқиды. Осыдан соң өздеріңіз келіп, топ-топ болып жаназа намазын оқыңыздар», – деді.
Бұл оқиға бізді ойлануға, намазға деген жауапкершілікті арттыруға шақырады. Пайғамбарымыздың (салла Аллаһу алейһи уә сәлләм) соңғы намазы бізге оның Аллаға деген махаббатының және сенімінің қаншалықты терең болғанын көрсетеді.
Ержан Қағазғалиев «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің бас имамы